Алматы халқы Шахановпен қоштасып жатыр

21.04.2026 09:39 Әсел Мұрат
Алматы халқы Шахановпен қоштасып жатыр
448
Фото: politico.kz

Бүгін, 21 сәуірде Алматыда ақын, халық жазушысы белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Шахановтың туыстары мен жақындары Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрына жиналды. 

Мұнда қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары мен журналистер де бар. Ақынмен қоштасуға бірнеше ондаған адам келді. 

Арасында Президенттің баспасөз хатшысы Аймек Смадияров та жүр. Сондай-ақ халықтың сүйікті әншісі Димаш Құдайберген де бар. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та қатысады.

84 жасында өмірден өткен халық жазушысы Мұхтар Шаханов Алматыдағы Кеңсай зиратына емес, Түркістан облысы Отырар ауданындағы Қоғам ауылдық зиратында жерленетін болды.

Жаназасы мен жерлеу рәсімі 22 сәуірде таңғы сағат 10-нан бастап Түркістан облысы Отырар ауданындағы Жаңа Шілік және Қоғам ауылдарында ұйымдастырылып, артынша Шәуілдір ауылындағы «Жұлдыз» мейрамханасында марқұмның асы беріледі.

Ұлт қайраткері аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, 19 сәуір күні дүниеден өткен еді. Осыдан кейін марқұмның жары Ханшайым Шаханова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өтініш жазып, ақынның соңғы аманаты бойынша оны қасиетті Арыстан баб кесенесінің маңына жерлеуді сұраған.

Мемлекет басшысы Шахановтың қазасына байланысты көңіл айтқанымен, алғашында марқұмды Алматыдағы Кеңсай зиратына қоятыны туралы ақпарат тарады.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Арыстан баб тарихи нысан болғандықтан, ол аумаққа адам жерлеуге болмайтынын айтып пікір білдірген.

Алайда кейіннен Шахановтың немересі атасының Отырардағы қорымға жерленетінін жеткізді.

Осылайша жазушылар одағы бұл ақпаратты ресми түрде растап, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу кестесін жариялады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий