Алматы облысында балаларды ұрған мешіт ұстазы жұмыстан шығарылды

05.10.2026 • 20:12 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматы облысында балаларды ұрған мешіт ұстазы жұмыстан шығарылды
285
Фото: Бейнеден алынған скрин

Алматы облысының Қарасай ауданында сабақ кезінде жасөспірімдерді ұрған мешіт ұстазы Дүйсенхан Нұрберді қызметінен босатылды, деп хабарлайды Politico.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) облыстық өкілдігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған бақылау камерасының бейнежазбасында ұстаздың мешіт жанындағы оқу бөлмесінде балаларды бірнеше рет ұрғаны көрінеді.

ҚМДБ өкілдігінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы маусымның басында «Түркістан-1» мешітіндегі «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курсы кезінде болған.

«Мешіт ұстазы Дүйсенхан Нұрберді балаларды тәртіпке шақыру барысында эмоцияға беріліп, ұстаздық әдеп пен педагогикалық талаптарға сәйкес келмейтін әрекетке жол берген», – делінген хабарламада.

Оқиға белгілі болғаннан кейін арнайы жиналыс өткізіліп, мән-жайы қаралған. Ұстаз өз қателігін мойындап, өкініш білдірген және ата-аналардан кешірім сұраған.

«Ата-аналар тарапынан дау-шағымдарының жоқтығы жөнінде жазбаша және бейнежазба түріндегі мәлімдемелер алынды. ҚМДБ-ның №2290 бұйрығына сәйкес Дүйсенхан Нұрберді мешіт ұстазы қызметінен босатылды», – деп хабарлады өкілдіктің баспасөз қызметі.

Войдите, чтобы оставить комментарий