Роза Әлқожа: Еркектер жағдайы жақсарса, неге бірден тоқал алуды ойлайды?

05.10.2026 • 20:57 Томирис САҒЫНДЫҚ
Роза Әлқожа: Еркектер жағдайы жақсарса, неге бірден тоқал алуды ойлайды?
114
Фото: видеодан скриншот

Белгілі әнші Роза Әлқожа қоғамдағы отбасылық құндылықтар, гендерлік қатынастар және діни ұғымдарды түсіну мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz. 

Әнші бұл туралы "Кездесу" подкастында айтты. 

«Мейлі Құранда, мейлі психологияда болсын, оның қалай түсіндірілуі мен жеткізілуіне байланысты. Психологияны да, дінді де құбыжық етіп көрсетуге болады. Алайда бұл екі саланың арасы алшақ емес, екеуінің де айтар ойы бір. Ол — кішіпейіл, қарапайым әрі шынайы болу, сонымен қатар өзіңнің қадір-қасиетіңді білу. Бізде ер азаматтар Исламды көбіне өзіне тиімді жағына қарай бұрмалап пайдаланады. Неге біз сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) көркем мінезін үлгі етпейміз? Ол кісі өз әйелдеріне қатысты қандай жұмсақ әрі мейірімді болған. Неге біз оның осы сүннеттері туралы айтпаймыз? Неліктен еркектер жағдайы түзелсе, бірден тоқал алу керек деп есептейтінін түсінбеймін», — деді Роза Әлқожа.

Әнші кезінде айтылған ойларына өкініш білдіріп, тоқалдық институтына қатысты ұстанымын түбегейлі өзгерткенін ашық жеткізеді.

«Осы орайда бұрын айтқан сөзім үшін қазір өкінетінімді айта кеткім келеді. Кезінде Айгерім Сейфулла маған тоқал алуға қатысты сұрақ қойған еді. Сол кезде мен бұл мәселеге үстірт қарап, қазақтың көбі тоқалдан тараған деген пікір білдірген едім. Өз тегімізде де, күйеуімнің әулетінде де мұндай жағдайлар болғандықтан, солай жауап берген едім. Дегенмен адам әрбір айтқан сөзіне жауап береді екен. Қазіргі таңда мен тоқал алуға толығымен қарсымын», — деді Роза Әлқожа.

Войдите, чтобы оставить комментарий