Асхат Тарғын: Әншілерді сахна немесе тойдікі деп бөлудің қажеті жоқ

05.10.2026 • 21:18 Томирис САҒЫНДЫҚ
Асхат Тарғын: Әншілерді сахна немесе тойдікі деп бөлудің қажеті жоқ
104
Фото: видеодан скриншот

Белгілі әнші Асхат Тарғын кәсіби сахнадағы сыни пікірлерге, хит әндердің шығу тарихына және әншілерді жіктеуге қатысты өз пайымын бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы әнші "Кездесу" подкастында айтты. 

«Фонограммамен айтылған ән компьютердің көмегімен түзетіледі, яғни дауыстың қисық жерлері тегістеліп, мінсіз етіп шығарылады. Тіпті қажет болса, тегіс жерлері де өзгертіледі. Адамның құлағы сондай жасанды әрі мінсіз дыбысқа үйреніп алады. Одан кейін жанды дауыста ән айтқанда, тыңдарманның құлағында бұрынғы дайын дыбыс тұратындықтан, жанды орындауды қабылдай алмай жатады. Сондықтан бұндай сыни пікірлерге түсіністікпен, оң көзбен қарау керек. Себебі сын айтылмай, мін түзелмейді. Маған баяғыдан бері түрлі сындар айтылып келеді, мен оның бәрін жақсы қабылдаймын. Мұнда тұрған ешқандай айып немесе сөкеттік жоқ, себебі әркімнің өз пікірі бар. Әрине, ешкім тікелей бетіме келіп: «Сен не айтып жүрсің?» — деп айтқан жоқ. Дегенмен жан-жақтан ондай сөздерді естіп жаттық», — деді Асхат Тарғын.

Орындаушы өзінің репертуарындағы хит әндердің қалай жарыққа шыққанын және әріптестерінің тарапынан айтылған пікірлерді еске алады.

«Ондай пікірлердің бәрін қабылдауға тура келді. Негізі біз бұл шығарманы хит болады деп ойлаған жоқпыз, тек тойда айтамыз деп жоспарлаған едік. Алайда ол халық арасында тарап, хитке айналды. «Аспанға қараймын» мен «Қызыл өрік» әндері де дәл солай болды. Бұл әндер жарыққа шықпас бұрын, студияда бір-екі жылдай жатып қалған еді. Алғашында бұл шығарманы өте жеңіл ән деп қабылдап, түрлі сындар айтылды. «Не айтып жүрсің? Қазақ өнерін бұздың» деген сияқты сөздер де болды. Бұдан кейін өнерге МС Сайлаубек шықты. Содан кейін Мейрамбек ағамыз кездескенде: «Мынадан кейін сенің әнің терме болып қалды ғой», — деп әзілдеген еді», — деді әнші.

Музыка өнерінде орындаушыларды «тойлық» немесе «сахналық» деп жіктеу мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өнер иесі бұл ретте орындаушыларды бөле-жармай, олардың табиғи талантына құрметпен қарау қажеттігін алға тартады.

«Жалпы, «эстрада әншісі» және «той әншісі» деп бөлу дұрыс емес деп есептеймін. Той жүргізіп, аппаратурада отырған балалардың арасында да өнерлі, таланты тасыған азаматтар өте көп. Тіпті олардың дауысы менікінен де күшті болуы мүмкін, тек танымал хиті болмағандықтан танылмай жүр. Сондықтан әншілерді сахналық немесе тойлық деп бөлудің еш қажеті жоқ», — деді Асхат Тарғын.

Войдите, чтобы оставить комментарий