Алматы облысында ер адамды күрекпен ұрып өлтірген

20.05.2026 09:28 Мөлдір Қайнар
Алматы облысында ер адамды күрекпен ұрып өлтірген
240
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысында күрекпен соққы алып көз жұмған ер адамның туыстары қылмыстық істі қайта саралауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

 Марқұмның жақындары бұл оқиғаны абайсызда жасалған әрекет емес, қасақана кісі өлтіру деп есептейді.

Марқұмның қызының айтуынша, қайғылы жағдай 2026 жылдың 23 ақпанында болған. Оның сөзінше, әкесі желке тұсынан күректің ұшымен соққы алған. Салдарынан мойын омыртқасы сынып кеткен.

«Оны қатыгездікпен өлтірді. Күректің ұшымен жасалған соққы дәл мойын тұсына тиген», – деді марқұмның қызы.

Туыстарының айтуынша, оқиға орнына алғаш жеткен кезде ер адам әлі тірі болған. Алайда күдікті мен оның туыстары жедел жәрдем мен полиция шақырудың орнына біраз уақыт «келісіп алуды» ұсынған көрінеді.

Кейін жәбірленуші Ұзынағаш ауруханасына жеткізілген. Алайда отбасының сөзінше, онда қажетті көмек толық көрсетілмеген. Ер адамның жағдайы Қалқаман ауруханасына бара жатқан жолда нашарлап, ауруханаға жеткенде көз жұмған.

Қазіргі уақытта күдіктіге «абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» бабы бойынша айып тағылған. Бірақ марқұмның туыстары бұл баппен келіспейді.

«Қандай абайсыздық? Күректің ұшымен мойынға соққы жасау — адам өлтіруге бағытталған әрекет», – дейді марқұмның қызы.

Отбасы істі «Адам өлтіру» бабына қайта саралауды талап етіп отыр.

Алматы облыстық соты қылмыстық істің өндіріске қабылданғанын растады. Негізгі сот отырысы 21 мамырға белгіленген.

Ал Алматы облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, іс бойынша барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілген.

Войдите, чтобы оставить комментарий