Алматы облысында жеті баланың әкесі аса қатыгездікпен өлтірілді
Алматы облысында ер адамды аса қатыгездікпен өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 14 ақпан күні Талғар қаласында болған. Марқұм – жеті баланың әкесі. Оған 30-дан астам пышақ жарақаты салынған.Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Асылбек Әбдірайымов мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмысқа марқұмның жұбайы мен енесі күдікті ретінде танылып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамға ұйықтап жатқан кезде шабуыл жасалған.
Адвокаттың сөзінше, қайғылы жағдайға дейін марқұм жылқыларының ұрланғаны туралы полицияға арыз түсірген. Тергеу барысында құқық қорғау органдары оның жұбайының жылқылардың жоғалуына қатысы болуы мүмкін екенін анықтаған. Осы жайт отбасындағы жанжалға себеп болғаны айтылады.
«Ешбір дүние, ешбір мал-мүлік адам өміріне татымайды. Бір сәттік ашу бірнеше адамның тағдырын тас-талқан етті», – деді адвокат.
Алматы облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша екі күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы (адам өлтіру, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып жасау) бойынша тергеліп жатыр. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Последние новости