Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті: қаладағы жағдай қандай

14.08.2026 17:40 Қарақат АСЫЛОВА
Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті: қаладағы жағдай қандай
227
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов
ЖАЛҒАСЫ

14 тамызда түскі уақытта Орталық Азияның энергетикалық жүйесіндегі апаттан Алматыда, Қазақстанның бірнеше өңірінде және көршілес үш мемлекетте жарық жаппай өшіп қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мегаполистің 4 ауданында электр энергиясы үзілгеннен кейін қала әкімдігі тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды. Алматы қаласының полиция департаменті жеке құрамның күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта істен шыққан бағдаршамдар қолмен басқарылып жатыр. Ең күрделі жол айрықтарында қозғалысты реттеуге 150-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Оған қоса патрульдік экипаждар саны артып, жолдағы жағдай қатаң бақылауға алынды.

Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден жолда өте мұқият болуды және балама бағыттарды таңдауды сұрады. Қала көшелерінде кептеліс туындап, тіпті қарапайым тұрғындар да көлік қозғалысын реттеуге көмектесіп жатыр. Сонымен қатар шаһарда ұялы байланыс пен интернет жұмысы нашарлаған.

Жарықтың өшуі салдарынан Алматы метрополитені қозғалысын тоқтатты. Станциялардағы жарықтандыру мен желдету жүйелері резервтік аккумулятор арқылы жұмыс істеуде. Барлық жолаушылар вагондар мен бекеттерден қауіпсіз жерге шығарылған. Метро жұмысы сыртқы электр қуаты берілгеннен кейін ғана қайта жалғасады.

Бұдан бөлек Шымбұлақ курортындағы аспалы жолда демалушылар қалып қойған. Аспалы кабиналар электр қуатының тұрақсыздығынан жүріп, қайта тоқтап тұрған.

Электр қуатының болмауы ауыз су қысымының төмендеуіне әкеліп соқты. Насос станциялары тоқтағандықтан көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында су беруде іркілістер туындауы мүмкін.

Алайда Алматы халықаралық әуежайы резервтік генераторлардың арқасында штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ал ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті елдегі түзеу мекемелерінде генераторлар қосылып, жағдайдың тұрақты екенін хабарлады.

PROTENGE телеграм-арнасының дерегіне сүйенсек Алматыда жарықтың бір минутқа өшуі экономикаға шамамен 71 млн теңге шығын әкеледі.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше энергетикалық жүйеде қуаттың күрт артуы орын алған. Бұған Орталық Азия тарапынан электр энергиясы ауысымының өзгеруі себеп болған. Салдарынан апатқа қарсы автоматика іске қосылып, тұтынушылар жарықтан ажыратылған. Электр қуатындағы іркілістер Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде де байқалып отыр.

Жаппай блэкаут Қазақстанның өзге аймақтарын да айналып өтпеді. Жетісу облысының Талдықорған мен Текелі қалаларында магистральдық желілердің авариялық ажыратылуынан жарық сөнген. Шымкент қаласының әкімдігі Сәуле, Ақжар, Ақтас, Жаңаталап, Тұрлан, Тельман, Коммунизм, 18, 17 және Отырар шағынаудандарында электр қуаты ішінара өшкенін жеткізді. Бұл жағдай шамамен 39 мың тұрғынға әсер еткен. 

Войдите, чтобы оставить комментарий