Мектепте телефон ұстаудың жаңа тәртібі бекітілді: қай кезде пайдалануға рұқсат?

29.09.2026 • 17:11 Мөлдір ҚАЙНАР
Мектепте телефон ұстаудың жаңа тәртібі бекітілді: қай кезде пайдалануға рұқсат?
110
Фото: әлеуметтік желі

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың сабақ кезінде смартфон пайдалану ережесін нақтылайтын жаңа бұйрық шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Құжатқа сәйкес, мектепте сабақ уақытында ұялы байланыс құралдарын қолдануға жалпы тәртіп бойынша тыйым салынады. Дегенмен бірнеше жағдайда ерекшеліктер қарастырылған:

 * Мұғалімнің тікелей тапсырмасымен, тек оқу процесіне қажет болған кезде;

 * Оқушының немесе айналасындағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнгенде;

 * Оқушының денсаулық жағдайына байланысты медициналық көрсеткіштер бойынша қажет болған сәтте.

Сабақ басталмас бұрын балалар телефонын дыбыссыз режимге қойып, діріл мен барлық дыбыстық хабарламаларды өшіруге немесе құрылғыны толық сөндіруге міндетті. Сондай-ақ білім ошақтарына телефондарды сабақ барысында сақтайтын арнайы орындар әзірлеу құқығы берілді.

Егер сабақ процесіне смартфон қажет болса, ұстаз оқушыларға оны қандай тапсырма үшін, қалай және қанша уақыт пайдалану керегін нақтылап түсіндіреді. Оқушы гаджетті тек берілген тапсырма аясында ғана қолына ала алады. Ал телефонның камерасы мен аудио жазу функциясын өз бетінше қосуға тыйым салынады, бұл әрекеттер де мұғалімнің рұқсатымен ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Жаңа талаптар жазылған министрлік бұйрығы 9 қазаннан бастап күшіне енеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий