Өз інісін өлтіріп, денесін өртеп жіберген ер адам сотталды

29.09.2026 • 16:13 Мөлдір ҚАЙНАР
Өз інісін өлтіріп, денесін өртеп жіберген ер адам сотталды
158
Фото: usolie.info

Өзбекстанның Ташкент облысында туған бауырын айуандықпен өлтіріп, оның денесін жасырмақ болған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға Ахангаран ауданында орын алған. Бір шаңырақ астында бірге тұрып келген ағайындылар — 36 жастағы ағасы мен 28 жастағы інісінің арасында көлік сатып алу тақырыбынан басталған сөз таласы қанды қылмысқа ұласқан.

Мас күйінде болған інісі ағасына ұялы телефонынан сатып алғысы келетін көлікті көрсеткен. Алайда ағасы оған алдымен Мәжбүрлі орындау бюросындағы қарызын жабуды ескерткен. Бұған ашуланған інісі ағасы мен жеңгесіне былапыт сөздер айтып, олардың үйден кетуін талап еткен. Сөзге келмеген ағасы асүй пышағын алып, інісінің мойын тұсына үш рет соққы жасаған. Қатты қан кеткен жас жігіт оқиға орнында көз жұмған.

Қылмысын жасыруға бекінген ағасы марқұмның денесін көрпеге орап, аулада әжетхана үшін қазылған шұңқырға тастаған. Үстіне бензин құйып өртеп, түтін шыға берген соң шұңқырды цемент пен құммен толтырып тастаған. Келесі күні ол туған әпкесіне інісінің үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын айтқан. Еш хабар болмаған соң әпкесі құқық қорғау органдарына арызданған.

Үйге келген тәртіп сақшылары шұңқырдың үстіндегі жаңа топырақты байқап қалады. Ер адам бұл жерге күл-қоқыс өртейтінін айтып ақталғанымен, күдік туғызғанын сезіп, түнде мәйітті қайта қазып алады. Ол мәйітті бөлшектеп, қалдықтарын үй маңындағы әртүрлі жерге жасырып, әйелімен бірге қашып кетпек болған. Дегенмен сол күні кешке оны полиция қолға түсірді.

Тергеу барысында күдікті кінәсін толық мойындап, мәйіттің бөлшектерін жасырған орындарды көрсетіп берді. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий