Электр жарығы толық қалпына келтірілді – Энергетика министрлігі

14.08.2026 18:03 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Электр жарығы толық қалпына келтірілді – Энергетика министрлігі
179
Фото: magnific.com

Алматы. 14 тамыз. Politico.kz – Қазақстандағы «KEGOC» компаниясының желілерінде электр қуаты толық қалпына келтірілді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады. Қазіргі уақытта өңірлік энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тұтынушыларды жарыққа кезең-кезеңімен қосып жатыр.

Жақын арада барлық аймақта электр энергиясы толық беріледі. Сонымен қатар ведомство Өзбекстандағы жарықтың өшуіне Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі апат кінәлі деген ақпаратты теріске шығарды.

«Жекелеген пабликтерде Өзбекстандағы электрмен жабдықтаудағы іркілістер Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі апат салдарынан орын алды деген ақпарат таралуда. Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жағдай Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің бақылауында», – делінген ресми хабарламада.

Еске салайық, бүгін сағат 14:30 шамасында Алматы қаласының бірнеше ауданында жарық сөніп қалған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша бұған «KEGOC» акционерлік қоғамына тиесілі 500 кВ магистральдық электр желілерінің авариялық жағдайда ажыратылуы себеп болған.

Апат салдарынан Алматы қаласынан бөлек бірнеше өңір жарықсыз қалды. Олардың қатарында Алматы мен Жетісу облыстары бар. Сондай-ақ Шымкент қаласының кейбір бөліктерінде де электр қуаты уақытша үзілген.

Войдите, чтобы оставить комментарий