Алматыда 35 жастағы ер адам немере інісін зорлады деген күдікке ілінді

20.05.2026 12:54 Мөлдір Қайнар
Алматыда 35 жастағы ер адам немере інісін зорлады деген күдікке ілінді
63
Фото: ашық дереккөз

Алматыда кәмелетке толмаған немере інісіне бірнеше жыл бойы сексуалдық сипаттағы зорлық көрсетті деп айыпталған ер адамға қатысты ақтау үкімі жойылды, деп хабарлайды Politico.kz. Іс елеулі процессуалдық заңбұзушылықтарға байланысты қайта қарауға жіберілді.

Прокуратура мен жәбірленуші тарап бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. 28 сәуірде Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы істі қайта қарап, ақтау үкімінің күшін жойды.

Прокурордың айтуынша, алғашқы сот отырысында іс толық әрі объективті зерттелмеген. Оның сөзінше, жасөспірім психологтардың қатысуымен берген жауаптарында зорлықтың қалай жасалғанын, қорқыту мен психологиялық қысым көрсетілгенін бірнеше рет егжей-тегжейлі баяндаған.

«Жәбірленушінің көрсетулері уақыт өте өзгермеген және өзара қайшылық болмаған», – деді прокурор сот барысында.

Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері» бабы бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленуші тараптың адвокаты да алғашқы сот шешімін сынға алды. Оның айтуынша, сот баланың психологиялық жағдайын ескермеген.

«Қорқыныш пен қысым көрген бала айғайлап, көмек сұрай алмауы мүмкін. Айыпталушының қоқан-лоққысы оның қарсылық көрсетуіне мүмкіндік бермеген», – деді адвокат.

Тергеу нұсқасына сәйкес, жасөспірімнің әкесі 2020 жылы қайтыс болғаннан кейін ол екі әпкесімен бірге нағашы туыстарының қамқорлығында қалған. Кейін қамқоршының ересек ұлы 2022 жылдан 2025 жылға дейін балаға қатысты зорлық әрекеттерін жасаған деген күдікке ілінген.

Алайда 2025 жылдың желтоқсанында бірінші сатыдағы сот ер адамды ақтап шыққан. Бұған сараптама кезінде айыпталушының ДНҚ іздері табылмағаны себеп болған. Сонымен қатар сараптама қорытындысында жасөспірімнің психикалық ауытқуы жоқ екені көрсетілген.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, тағылған айыптарды «баланың қызғанышы» деп атаған.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, сот процесі кезінде қысым да болған. Олар айыпталушының туыстары бірнеше рет пәтерге келіп, арызды қайтарып алуды талап еткенін мәлімдеді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде кейбір блогерлер жасөспірімнің жеке мәліметтерін жариялап, оны өтірік айтты деп айыптаған.

Осындай қысымнан кейін жасөспірім 2025 жылдың шілдесінде өзіне қол жұмсамақ болған. Қазір ол әпкесінің отбасымен бірге тұрып жатыр. Туыстарының сөзінше, баланың жағдайы тұрақталған.

Войдите, чтобы оставить комментарий