Алматыда бес баланың анасы өзіне қол жұмсамақ болған

Алматыда бес баланың анасы өзіне қол жұмсамақ болған
Фото: istockphoto.com

Алматыда бес баланың анасы өзіне қол жұмсауға әрекеттенген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы құқық қорғаушы Ләззат Рақышева Threads желісіндегі парақшасында жазды.

«Жаңа ғана қорымызға Алматыдағы жас әйелдің анасы хабарласты. Қызы асылып, өзіне қол жұмсамақ болған. Бірақ, бақытына қарай, оны аман алып қалған. Оның бес баласы бар. Оқиғадан кейін анасы қызының қалтасынан хат тауып алған. Онда әйел мұндай қадамға не себепті барғанын жазып қалдырған», – деді құқық қорғаушы.

Рақышеваның сөзінше, хатта әйелдің отбасында көрген қорлығы баяндалған.

«Хаттан белгілі болғандай, күйеуі оны ұрып-соғып, қорлап, кемсітіп, өзін ғана емес, анасын да пышақтап өлтіремін деп қорқытқан. Оның үстіне ер адам басқа отбасы құрған, ол жақта екі баласы дүниеге келген. Әйел үнемі қорқынышпен өмір сүріп, соққыға, қорлыққа және қоқан-лоқыға төзіп келген», – деп жазды Ләззат Рақышева.

Құқық қорғаушы Алматы қалалық полиция департаменті мен прокуратурадан жағдайды жан-жақты тексеруді талап етті. Ол күйеуінің әрекетіне құқықтық баға беріп, әйел мен оның анасы және бес баласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

Ал Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Полицияның мәліметінше, Алатау аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Алайда бұған дейін бұл отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты полицияға ешқандай арыз, хабарлама немесе шағым түспеген.

Соған қарамастан, тергеушілер әйелдің күйеуінен зорлық-зомбылық көргені туралы мәліметтерді тексеріп жатыр. Полиция бұл деректерге құқықтық баға берілетінін, ал өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын мәлімдеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу