Маңғыстаудағы әскерилердің өлімі: 8 лауазымды тұлға қамауда, тергеу аяқталуға жақын

Маңғыстаудағы әскерилердің өлімі: 8 лауазымды тұлға қамауда, тергеу аяқталуға жақын
Фото: қорғаныс министрлігі

Әскери қызметшілердің қазасына қатысты тергеуді Бас прокуратура өз бақылауына алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Қадағалаушы органның мәліметінше, істің барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізуде. Тергеу аясында:

  •  300-ден астам адамнан жауап алынды;
  •  30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу қорытындыланды.

Бұған дейін қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу күдігімен сот санкциясы бойынша 8 лауазымды тұлға қамауға алынған болатын. Олардың қатарында:

  •  Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы;
  •  Бас қолбасшының бірінші орынбасары және жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары;
  •  Екі әскери бөлімнің командирлері;
  •  Теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері;
  •  Катер капитаны бар.

Ведомство таяу күндері негізгі тергеу әрекеттері аяқталып, іске қатысушылар ресми құжаттармен таныса бастайтынын хабарлады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қалған деректері жария етуге жатпайды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу