Алматыда Президенттің атынан 60 жаңа пәтердің кілті табысталды
Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Politico.kz сайты 24.kz-ке сілтемемен.
Іс-шара барысында мәдениет саласының мамандарына мемлекет атынан пәтер кілттері мен жоғары мемлекеттік марапаттар табысталды.
Салтанатты кеште ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент атынан мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ұлттық руханиятты дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы мәдениет саласы өкілдерін тек марапаттап қана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да басымдық беріп келеді. Осыған дейін Астанада мәдениет қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары табысталса, биыл бұл бастама Алматыда жалғасын тапты.
Президент тапсырмасы аясында мәдениет және өнер саласының 60 өкіліне пәтер кілттері берілді. Жаңа баспанаға ие болғандардың қатарында театр және музыка ұжымдарының әртістері, оқытушылар, кітапхана мен музей қызметкерлері, архив және әдебиет саласының мамандары, сондай-ақ мәдениет мекемелеріндегі техникалық қызметкерлер бар.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің Жарлығымен мәдениет саласында ерекше еңбек сіңірген 13 азамат мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға ие болды. Марапаттар театр, музыка, хореография, әдебиет және ғылым салаларының танымал өкілдеріне табысталды.
Соңғы жаңалықтар