“Бомба ма?”: Жолаушының орынсыз әзілінен кейін рейс екі сағатқа кешікті

03.09.2026 19:35 Қарақат АСЫЛОВА
“Бомба ма?”: Жолаушының орынсыз әзілінен кейін рейс екі сағатқа кешікті
349
Видеодан кадр

Алматыдан Ақтауға ұшуы тиіс ұшақ жолаушының бір ауыз сөзінен кейін екі сағатқа кешікті, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Блогер Айгерім Сүлейменованың айтуынша, егде жастағы ер адам бортсерікке жоғарғы сөреге сөмкесін орналастыруға көмектескен. Алайда сол сәтте ол күтпеген жерден сөмкенің ішінде қорғасын немесе бомба бар-жоғын сұрап, әзіл айтқан.

«Бомба» деген сөз айтылғаннан кейін экипаж қауіпсіздік талаптарына сәйкес тиісті тексеру жүргізуге мәжбүр болған.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, сөмкеден ешқандай жарылғыш зат табылмаған. Дегенмен әзіл айтқан жолаушы рейстен түсіріліп, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Барлық қажетті процедура аяқталған соң ұшақ Ақтау бағытына жолға шықты.

Осылайша, бір ғана орынсыз әзіл жүздеген жолаушының сапарын екі сағатқа кейінге қалдырған.

Войдите, чтобы оставить комментарий