Алматылық студент зейнеткер мен әйел адамды 70 млн теңгеге алдап кетті

26.06.2026 22:29 Қарақат АСЫЛОВА
Алматылық студент зейнеткер мен әйел адамды 70 млн теңгеге алдап кетті
230
Алаяқтар зейнеткерді пәтерін сатуға дейін мәжбүрлеген

Петропавл қаласының екі тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбаны болып, жалпы сомасы 70 миллион теңгеге жуық қаржысынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Іс бойынша негізгі айыпталушы ретінде 21 жастағы Алматы қаласының студенті танылып, сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Тергеу материалдарына сәйкес, басты жәбірленуші – Петропавл тұрғыны Елена К. 2025 жылдың ақпан айында оған өзін арнайы қызмет өкілі ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған. Алаяқтар әйелді «тыйым салынған ұйымды қаржыландырды» деп қорқытып, арнайы операция жүріп жатқанын айтып сендірген.

Психологиялық қысым нәтижесінде жәбірленуші банктерден несие рәсімдеп, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған, депозиттегі қаражатын шешіп, тіпті екі пәтерін сатып жіберген. Сонымен қатар, ол ұзақ уақыт бойы туыстарымен байланысуына тыйым салынғанына сеніп жүрген.

Алаяқтар әйелді қонақүйге орналастырып, одан такси арқылы 27 миллион теңге салынған қорапты белгісіз бағытқа жіберткен. Жүк Астана қаласына жеткізілгенімен, күдіктілердің бірі ірі сомадан күдіктеніп, полицияға хабар берген. Соның нәтижесінде 27 миллион теңге тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Дегенмен жалпы залал 62 миллион теңгеден асты.

Сонымен қатар, осы қылмыстық топ екінші тұрғынды – Гүлжанат Ж.-ны да алдап соққан. Оған «атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деген сылтаумен сенім ұялатқан. Әйел «қауіпсіз шотқа» ақша аудару керек дегенге сеніп, өз атынан несие алып, жинаған қаражатын қосып, 6,7 миллион теңге жіберген.

Тергеу барысында күдіктінің цифрлық іздері анықталып, негізгі ұйымдастырушы 21 жастағы студент екені белгілі болды. Оны бұрын интернет-алаяқтыққа қатысы бар тағы бір сотталған тұлға да фотосурет арқылы танып, күдікті ретінде растаған.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамағанымен, сот оны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандырып, келтірілген шығынды өтеуді міндеттеді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий