Алматының экс-шенеунігі Наиля Мулюкова бостандыққа шықты
Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Наиля Мулюкова жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеумен алмастырылып, түрмеден мерзімінен бұрын босатылды. Бұл ақпаратты Politico.kz порталына Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) растады.
Бұрынғы шенеунік босатылғаннан кейін бірден пробация қызметінің есебіне алынған және енді ол ел аумағынан шықпауды қоса алғанда, сот шешімімен бекітілген барлық талаптарды қатаң сақтауға тиіс.
«Сұрауда көрсетілген сотталушы сот үкімі негізінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеген, ал кейіннен сот шешімімен жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Босатылғаннан кейін сотталушы пробация қызметінің есебіне алынды және ол сот шешімінен туындайтын барлық шектеулерді, оның ішінде Қазақстан аумағынан шығуға салынған тыйымды сақтауға міндетті. Сонымен қатар пробация қызметкерлері оған жүктелген міндеттердің орындалуын үздіксіз қадағалап, тұрақты тексерулер жүргізеді», – деп мәлімдеді ҚАЖК-нен тілшімізге.
Еске салайық, Наиля Мулюкова Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне 2017 жылы тағайындалған болатын. Алайда 2023 жылдың ортасында оның жұмысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің назарына ілігіп, 2024 жылға дейін жалғасқан тергеу әрекеттері басталды. Нәтижесінде 2025 жылдың 5 маусымында Алмалы аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану сияқты үш бабы бойынша кінәлі деп танып, бастапқыда 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған еді.
Тергеу мен сот барысында 2022-2023 жылдары аралығында экс-шенеуніктің сенімді адамы арқылы «Безендіру KZ» серіктестігін жасырын басқарғаны әрі конкурстық комиссияның төрайымы бола тұра осы фирманың қаланы безендіру бойынша мемлекеттік сатып алуда жеңіске жетуін қамтамасыз еткені дәлелденді. Осындай әрекеттердің салдарынан мемлекетке 12 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Соңғы жаңалықтар