«Алтын медаль үшін чек ұсынғандай»: Олимпиада чемпионы Шайдоров жалақысы туралы шындықты айтты

23.02.2026 12:51 Арман Ермеков
«Алтын медаль үшін чек ұсынғандай»: Олимпиада чемпионы Шайдоров жалақысы туралы шындықты айтты
178
Фото: olympic.kz

Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров Tengrinews басылымына сұхбат беріп, жарысқа дайындық барысы мен министрліктің оған бөлінген қаржыны көпшілікке жариялауына қатысты өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Politico.kz.

Биыл мәнерлеп сырғанаудан жалпы есепте 291,58 ұпай жинаған қазақстандық спортшы ел қоржынына жалғыз алтын медальді салған болатын. Ол қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында келе жатып, еркін бағдарламаны мінсіз орындау арқылы барлық қарсыластарын басып озды. Осылайша ол 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирновтан кейін қысқы Олимпиада ойындарында алтын алған екінші қазақстандық атанды. Осы тарихи жеңістен кейін қоғамдағы түрлі пікірлерге жауап ретінде Туризм және спорт министрлігі спортшының дайындығына 263 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалғанын мәлімдеді. Бұл соманың ішінде 34 миллионы спортшының жалақысы болса, бапкеріне 26 миллион, ал хореографқа 23 миллион теңге төленген.

Бұл ақпараттың таралуына байланысты спортшы қаржылық мәліметтердің көпшілікке жариялануы өзіне ауыр тигенін жеткізді. Ол мемлекеттен бөлінген қаражаттың барлығы тек дайындыққа жұмсалғанын ескертіп, ата-анасы мен демеушілердің 15 жыл бойы сіңірген еңбегін ешкім есептеп жатпағанын айтты.

«Құпия ақпараттың ашық кеңістікте айтылғаны маған жағымсыз болды. Бұл маған спортшы және адам ретінде құрметсіздік деп санаймын. Қазір бұл министрлік маған алтын медаль үшін чек ұсынғандай көрінеді, бұлай болмауы керек», – деді ол.

Спортшының сөзінше толыққанды жағдай тек олимпиадалық маусымда ғана жасалған. Оған дейін Төрт құрлық чемпионатынан кейін Спортты дамыту дирекциясына барып, өзіне және бапкерлеріне жалақыны өсіруді өтінгенін еске алды, себебі бұрынғы қаражат мамандардың қызметі мен қымбат бағдарламалардың құнын өтеуге жетпеген.

«Олимпиада маусымында мені ақыры естіді. Маған және бапкерлеріме жақсы жалақы тағайындап, Халық Аренадан мұз берді. Бұл маған бағдарлама мен костюмдерді, сондай-ақ дәрігердің қызметін төлеп берген алғашқы маусым болды», – мәлімдеді Михаил Шайдоров.

Сонымен қатар ол елімізде мәнерлеп сырғанаушыларды дайындау жүйесі толық қалыптаспағанын жасырмады. Жаттығу кезінде аренаның төбесінде техникалық жұмыстар жүргізіліп, мұз айдынына бірнеше күн қатарынан бөгде адамдардың кіріп кеткен кездері болған. Осындай қиындықтарға қарамастан спортшы көрсетілген қолдауды бағалайтынын және барлық бейнеттің өтеуі қайтып, Қазақстан туын көтеріп, әнұранды шырқай алғанына риза екенін жеткізді.

Толыққанды сұхбатты осы жерден оқи аласыз.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий