«Алып қашып кеттім»: әнші Айдар Тұрғамбек қалай үйленгенін айтты
«Жігіттер» квартетінің әншісі Айдар Тұрғамбек өзінің екінші рет шаңырақ көтеру тарихымен бөлісті. Өнер иесі бұл оқиғаның желісі бойынша «Келін келді» атты жаңа ән жазып, бейнебаян да түсірген, деп хабарлайды Politico.kz.
Анасының демеуімен жар іздеуді бастаған әнші алғашқы әрекеттерін былайша еске алады:
«Менің үйленуім бір қызық болды. Анам күнде «үйлен-үйлен» дейтін. Үйленетін кезде қыз болмай қалды. Сонымен анам екеуміз бірге іздедік. Алматыдағы әртүрлі оқу орындарына бардық. Қыз табылмайды. Көшеде көлікпен келе жатқан кезде аялдамаға қарап қалсам әп-әдемі екі қыз тұр екен. «Керемет қыздар екен» дедім. Мен рөлдемін, анам артқы орындықта отыр. Анам «ұнады ма?» деді. Мен «ұнады» дедім. «Онда тоқта» деді. Анам көліктен түсіп, ана қыздармен бірге автобусқа отырып, телефон нөмірлерін алды. Кейін мен ол қыздарға хабарласып, сөзіміз жараспады», - деді ол.
Дегенмен, аялдамадағы арулармен қарым-қатынас сәтті болмағанымен, Айдар Тұрғамбек өз бағын туған қарындасының көмегімен тапқан екен. Ол қазіргі жарын келісіммен алып қашқанын жеткізді.
«Кейін өзімнің туған қарындасым қазіргі жұбайымның суретін жіберіп, телефонын алып берді. Маған қатты ұнап қалды. Сөйтіп Астанаға бардым. Астанада оқитын, Шымкенттің қызы еді. Астанаға барып, сөйлесіп, екеуміздің сөзіміз керемет жарасып, үш-ақ рет кездестік. Сөйтіп ол Шымкентке демалысқа келген кезде келісіммен Алматыға алып қашып кеттім», - дейді ол.
Соңғы жаңалықтар