Әмина Қажы: Балаларды свалкадан әкеліп баққан кезім болды

13.08.2026 16:13 Томирис САҒЫНДЫҚ
Әмина Қажы: Балаларды свалкадан әкеліп баққан кезім болды
68
Фото: видеодан скриншот

Қазақстандағы алғашқы жекеменшік балалар үйінің негізін қалаушы Амина Қажы еліміздегі жетім балалар мекемелерінің жабылу салдары мен өз тәжірибесі туралы айтты. Қоғам қайраткерінің сөзінше, жетімдер үйлерін оңтайландыру және жабу туралы шешімдер тиісті талдаусыз қабылданып, салдарынан көптеген бала қараусыз қалған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Айдос Тұрғанға берген сұқбатында айтты.

Қария еліміздегі алғашқы жекеменшік балалар үйлерінің ашылу тарихына тоқталып, кейіннен бұл мекемелердің жабыла бастағанын атап өтті.

«Елімізде тегінде бұрын осындай жетім балалар үйі, жекеменшік балалар үйлері көп болған. Ең бірінші ашылғаны — менің үйім. 32 жыл деген оңай емес, 30-дан астам жыл болды. Менен кейін, бірер жылдан соң «Нұр» деген балалар үйі ашылды. Кейін көбін жауып тастады. Біздің бір керемет келіншегіміз: «Бұл – зайырлы Қазақстан. Бізде жетім балалар жоқ. Біз сондай кереметпіз» деп шықты. Осыдан кейін үкімет балалар үйлерін жаба бастады», — деді Амина Қажы.

Сонымен бірге ол балалар үйлері жабылғаннан кейін далада қалған, құжаты жоқ балаларды паналату кезінде туындаған тұрмыстық және әлеуметтік қиындықтарды баяндады.

«Балалар үйлерін жапқаннан кейін балалар далада, тентіреп қалды. Ол балалардың көбі қоқыс алаңында жүрді. Мен свалкадан қанша баланы әкеліп бақтым! Құжаты жоқ, түгі жоқ. Қарны аш баланы көргенде «қайдағы құжат?» дейсің. Қарны аш, аш келген балаға: «Ей бала, құжатың қайда? Құжатың болмаса, мен сені бақпаймын» дейсің бе? Бұлай айту үшін жынды болу керек» — деді Амина Қажы.

Амина Қажы балалар үйлерін жабу туралы шешімнің асығыс қабылданғанын айтып, оның салдары ауыр болғанына назар аудартты.

«Бәрі бір әйелдің аузынан шыққан: «Біз — зайырлы Қазақстанбыз, бізде жетім балалар жоқ» деген сөзінен басталды, содан кейін бәрін тегіс жаба бастады. Кішкене ойлану керек еді ғой, сабаға түсіру керек еді ғой. Өз халқыңның жаны ашымаса, саған кімнің жаны ашиды? «Ой, кім менің қазағым екен» деп айтады. Балалар үйін жаппау керек еді. Баланы далаға, қоқыс алаңына жіберген жақсы ма, әлде үйде отырғаны жақсы ма? Әрине, үйде отырғаны жақсы. Қаншама бала далада қалды, көшеге шығып кетті, шіркеулерге кіріп кетті, қайыршылық жасап кетті. Мен қаншама баланы әкеліп бақтым. Түн-түнімен, күн-күнімен қышымасын, битін, қотырын тазалап, қарадым. Ақырында кім жаман болып шықты? Амина жаман болып шықты», — деді Амина Қажы.

Войдите, чтобы оставить комментарий