Әміре Қашаубаевтың өліміне Мұстафа Шоқаймен кездесуі себеп болды ма?

04.08.2026 14:43 Томирис САҒЫНДЫҚ
Әміре Қашаубаевтың өліміне Мұстафа Шоқаймен кездесуі себеп болды ма?
126
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Әлихантанушы-ғалым, "Алаш" ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп әнші, актер Әміре Қашаубаевтың қалай қаза тапқанын айтты. Ғалым қазақ зиялы қауымының жанында үнемі кеңес одағының тыңшылары еріп жүргенін тілге тиек етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп тележурналист Гүлбаршын Заирға берген сұқбатында айтты. 

«Қайта-қайта тергеуге шақырып, азаптап, қаншама жыл ұстады. Сосын бір күнде, аяқ астынан, оның көшеде өлігін тауып алды деген де бар. Бұл НКВД-ның, кеңес өкіметінің жазалаушы мекемесінің әдіс-тәсілі. Негізінен, жалғыз Әміре емес, талай қазақ азаматы, көрнекті азаматтар осылай қаза тапты. Негізгі пікір — сол Парижге барып келгені. Сосын Мұстафаның өзі жазғаны бар: «Әмірені елге қайтуға әрең көндіргенмін» дейді. Ол қайтып келгенде, етігінің ұлтарағына Мұстафадан хат алып келіп, әйеліне тапсырады. Тапсырып үлгерген-үлгермегенін білмеймін. Бірақ егер үлгерген болса, онда басқа біреуге береді», — деді Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп.

Ары қарай ол зиялы қауымның соңынан аңдып жүретін тыңшылар туралы сөз қозғады.

«Ол кезде Кеңес Одағы алғашқы күннен бастап шетелге біреу шықса, міндетті түрде жанында бір чекист болатын. Жансыз болады, міндетті түрде. Ол тіпті совет одағы бұзылып, ыдырап, бұзылған күнге дейін дәл солай болды», — деді Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп.

Сондай-ақ, әлихантанушы репрессиядан аман қалғандар туралы сөз қозғады.

«Райымжан Марсеков бар. 1928 жылы оны тағы да тұтқындайын дегенде, Қытай жағына өтіп кетіп, ақырында 1937 жылы Үрімжіде жүрген жерінде қолға түсті. Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев бар. Сосын Уәлитхан Танашев бар, Алашорданың мүшесі. Тағы бір-екі азамат бар. Бірақ олардың тірі қалуын бір ғажап құбылыс деп айтуға болады», — деді әлихантанушы.

Войдите, чтобы оставить комментарий