Анна Құдиярова: Енелер баласына оргазм бере алмайтынын түсінуі керек

27.08.2026 20:01 Томирис САҒЫНДЫҚ
Анна Құдиярова: Енелер баласына оргазм бере алмайтынын түсінуі керек
141
Фото: видеодан скриншот

Психоаналитик Анна Құдиярова отбасылық шиеленістердің түп-тамыры, жас келіндердің психологиялық жай-күйі және АХАТ жанынан отбасын құрушыларға арналған арнайы дайындық курстарын енгізу қажеттігі туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Анна Құдиярова Асмира Ермекқызымен болған сұқбатта әңгімеледі.

Психоаналитиктің сөзінше, жас қыздардың ерте тұрмысқа шығуына көбіне өз үйіндегі қолайсыз әлеуметтік жағдай, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен психологиялық қысым себеп болады.

«Мадина сияқты жас келіндерді алайық. Бұлардың үйден кететіні — үйдегі жағдайдың жақсы болмауынан. Үйдегі жағдай жақсы болса, кейде керісінше оң босағада отырып қалатын "кәрі қыз" болады, себебі үйдегі жағдай өте жайлы. Ал мыналарда жағдай өте қолайсыз. Ақша жетпейді, мәдениет жетіспейді. Салыстырмалы түрде, ағасы немесе інісі зорлық-зомбылық көрсетеді. Мендегі бір клиентімнің інісі қожайын болып алған: «Неге анадай белдемше кидің? Қайда бара жатырсың? Телефоныңды бер, тексеремін!» – дейді. Інісі қожайын болып алған. Содан кейін олар тұрмысқа шықсам, бәрі жақсы болады деп қашады. Жалпы, көбісінде жағдай осындай», — деді Анна Құдиярова.

Сондай-ақ маман отбасындағы диалог пен тәрбие мәдениетінің төмендігі жас шаңырақтағы түсініспеушіліктерге тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Екіншіден, үйде мәдениет жоқ. Бағана айтқанымдай, бірінші орында — тек ұрысу мен ұрып-соғу. Ал сөзбен, сөйлесу арқылы өзара көпір салу деген мәдениет жоқ. Содан кейін күйеуі де, енесі де бұдан бірдеңе талап етеді. Ал бұл жас келіншек те бұрқ етіп, айқайлап шыға келеді. «Абайлайын, байқайын» деп тұрмайды. Менің фантазиям мен тәжірибем осылай дейді. Сол себепті бұны қазір «сіз» бен «біз» болып, аналарға жеткізуіміз керек. Ересектерден бастау керек, себебі «балық басынан шіриді». «Әжелер, сіздердің тағдырларыңыз қалай болды? Шешелер, сіздердің тағдырларыңыз қалай болды? Енді қызыңызға соны дұрыстап үйретсеңізші: мына жерде былай ету керек, ана жерде тоқтау керек, мына жерде сабыр сақтау керек, мына жерде шыдау керек, мен де ана жерде шыдадым» деп. Қазір қызына сый-құрмет пен қошемет көрсетіп жатыр ма? Қошеметке, сыйластыққа үйренген қыз екінші отбасыға барғанда да өзін солай ұстайды. Содан кейін ертең бақырып жатқан енесін де керісінше өзіне қаратып алады», — деді Анна Құдиярова.

Психолог, сонымен бірге, енелердің де жас отбасының ішкі қарым-қатынасына шектен тыс араласуы ұлдың психологиялық есеюіне кері әсерін тигізетінін жеткізді.

«Бұны енелерге де айту керек. «Ене, сіз ұлыңызды қалай жақсы көрсеңіз де, өзіңіз оған күйеуге шыға алмайсыз. Онымен төсекке жатып, іш киімін шешіп жата алмайсыз. Оған құшақтап, оргазм сыйлайтын бәрібір бір әйел керек». Сіз неге үнемі... Көбіне менің еститінім: «Кетсе кете берсін бұл қатын, мен саған қыз алып беремін» дейді. Сонда не, сіздің ұлыңыз адам емес пе, тұлға емес пе? Сіз оған ойыншық алып беріп жатырсыз ба? Анау ойыншық сынса, жаңа ойыншық алып беремін дегендей. Сіз өзіңіз әйел бола тұра, келініңізді неге соншалықты төмендетесіз? Ертең ұлыңыз әйелді сыйламаса, сізді де сыйламайды, себебі сіз де әйелсіз ғой», — деді маман.

Сонымен қатар Анна Құдиярова некеге тұратын азаматтар мен ата-ана атанғысы келетін жұптарға міндетті психологиялық тренингтер өткізуді ұсынды.

«Сол себепті мен ата-аналар мектебін өткізсем деймін. Бағана АХАТ бөлімі туралы айттым ғой. «Үйленемін» деді ме — үш ай тренингке жіберу керек. Енді «бала табамын» деді ме — қайтадан үш ай: қандай ана болу керек, қандай әке болу керек?» — деді психоаналитик.

Войдите, чтобы оставить комментарий