Әнші Бек Шәріп: Балаларымды өнерге жолатпай қойдым
Әнші Бек Шәріп өнер жолындағы қиындықтар, сахнадағы танымалдылықтың уақытша сипаты және тыңдарман талғамының өзгеруі туралы ой бөлісті. Ол отандық шоу-бизнестегі тәжірибесіне сүйене отырып, шығармашылық адамдарының кәсіби тағдырына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Бек Шәріп «Кездесу» подкастында әңгімеледі.
Өнер иесі балаларын бұл саладан алыс ұстауға тырысатынын жасырмады. Оның айтуынша, шығармашылық ортаның ауыртпалығын көргендіктен, мұндай шешімді саналы түрде қабылдаған.
«Балаларымды өнерге жолатпадым. Өйткені өнердің ыстық-суығын өзім бастан кешіріп жүрмін ғой. Басқалар мен көрген бейнетті көрмей-ақ қойсын деймін. Өнер жолы оңай емес. Әрине, біреуге оңай келетін шығар, бірақ «жеңіл келген жеңіл кетеді» дейді ғой. Дүние заңы солай емес пе? «Оңай тапқан ақшаның берекесі болмайды» деген сияқты, бұл да дәл сондай нәрсе. Оңайлықпен келмейді, бұл өте қиын», — деді Бек Шәріп.
Сұхбат барысында журналист өнер адамдарының бастан кешетін абыройы мен беделінің толқын тәрізді уақытша өрлеп, қайта басылатынын атап өтті.
— Енді бұлай да түсінуге болатын шығар: бағың жанып, тасың өрге домалап тұрады да, бара-бара даңқың бәсеңдей бастайды. Бұл — толқын сияқты нәрсе ғой, — деді журналист.
Әнші өз кезегінде эстрададағы сұраныстың өзгеруін тыңдарман талғамының жаңаруымен және заңды бәсекелестікпен түсіндірді.
«Бұл — толқын. Бірде су бетіне шығасың, бірде төмендейсің. Түсінуімше, халықтың талғамы да құбылмалы: бір әнді немесе бір әншіні қайталап тыңдай бергісі келмейді, жалығады. Басқа сусын іздейді, жаңа есімдерді тыңдағысы келеді. Бұл — заңды құбылыс. Мәселен, Заттыбек, Бейбіт Қорған жарқ етіп шыға келгенде, «о, мына жақтан кім шықты?» деп, соның әні ұнаса, халық соған қарай бет бұрады. Әңгіме бір әншіге байланып қалуда емес. Сондықтан халық бізден де сәл сұранысын суытып, басқа орындаушыларға назар аударған шығар деп ойлаймын. Ал ертең қайтадан айналып соғуы мүмкін... Мысалы, кезінде «Опмай-опмай» қалай танымал болды?» — деді Бек Шәріп.
Соңғы жаңалықтар