Ақ үй Обама портретін алып, Трамптың суретін ілді

Ақ үй Обама портретін алып, Трамптың суретін ілді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ақ үйдің Шығыс залындағы ресми көрме орнында бұрын тұрған АҚШ-тың 44-президенті Барак Обаманың портреті басқа жерге көшіріліп, оның орнына Дональд Трамптың жаңа картинасы қойылды.
Жаңа портрет Трамптың өткен жылы Пенсильванияда жасалған қастандықтан кейін сахнада жараланған күйінде, көтерілген жұдырығымен тұрған сәтін бейнелейді. Бұл көрініс пен оның «күрес, күрес, күрес» деген ұраны қазіргі сайлауалды науқанының символына айналған болатын.
Ақ үй X платформасында (бұрынғы Twitter) жариялаған қысқа бейнежазбада: «Ақ үйге жаңа өнер туындылары қойылды» деген жазба берілді.
Трамптың картинасы дәстүр бойынша ең соңғы президенттің портреті ілінетін орынға орналастырылды. Айта кету керек, жақында ғана қызметінен кеткен президент Джо Байденнің ресми портреті әлі дайын емес.
Ақ үйдің бұрынғы қызметкерінің айтуынша, бұл жерде соңғы президенттердің портреттері ілінеді, алайда бұл қатаң ереже емес, президент өзі кейбір көркемөнер туындыларының орнын ауыстыруды нұсқай алады.
Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінде де Ақ үйдегі Билл Клинтон мен Джордж Буш-младшийдің портреттерінің орнын ауыстырған болатын.
Бұл жолы Обаманың портреті Джордж Буштың портреті тұрған жерге көшірілді, ал Буштың портреті баспалдақ алаңына ілінді.
Кейбір республикашылдар бұл өзгерісті жылы қабылдады. Дональд Трамптың табанды қолдаушысы Марджори Тейлор Грин Ақ үйдің бұрынғы және қазіргі көріністерін салыстырған суретті қайта жариялап: «Едәуір жақсы», – деп жазды.
Бұл Ақ үйдегі портреттер төңірегіндегі күтпеген оқиғалардың жалғасы болды. Өткен айда Трамп өзінің Колорадо штатындағы портретін алып тастауды талап еткен, ол дереу алынып тасталды. Сонымен қатар қаңтар айында Пентагондағы арнайы қабырғада тұрған генерал Марк Миллидің портреті де кенеттен жоғалып кеткен еді.
Соңғы жаңалықтар





