Ақмарал Әлназарова қайтадан Денсаулық сақтау министрі атанды

03.09.2026 12:32 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақмарал Әлназарова қайтадан Денсаулық сақтау министрі атанды
315
Фото: instagram.com/akmaralalnazarova

Ақмарал Әлназарова Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі лауазымын сақтап қалды. Мемлекет басшысы 2026 жылғы 3 қыркүйекте оны қызметке қайта бекіту туралы Жарлыққа қол қойғанын Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.

Кадрлық шешім қабылданбас бұрын министрдің кандидатурасы Құрылтайда қаралды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутаттар оны қызметке бекітуге келісім берді.

Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы аясында талқыланды. Комитет жиынының нәтижесінде Ақмарал Әлназарованы министр етіп тағайындауға болатыны жөнінде оң қорытынды шығарылды.

Ол бұл ведомствоны алғаш рет басқарып отырған жоқ. Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау министрлігінің тізгінін 2024 жылғы 6 ақпаннан бері ұстап келеді.

Ақмарал Әлназарова кім?

Ақмарал Шәріпбайқызы 1971 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі бар.

Еңбек жолын Қызылорда қалалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімшесінде қатардағы дәрігер болып бастады. Кейін 1997–1999 жылдары Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Қызылордадағы филиалында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек етті.

1999 жылдан бастап өңірлік басқару ісіне араласты. Алғашында Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасында бөлім бастығы, кейін бастықтың орынбасары болды. Ал 2001–2003 жылдары облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды.

2003–2004 жылдары облыстық Денсаулық сақтау басқармасын басқарды. 2005–2007 жылдары министрліктің Медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау комитетінің облыстық басқармасына жетекшілік етті.

2007 жылдан 2013 жылға дейін Қызылорда медициналық колледжінің директоры болды. Одан соң 2013–2014 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2014–2015 жылдары Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы міндетін атқарды. Кейін төрт жыл бойы, яғни 2019 жылға дейін өңірдің Денсаулық сақтау басқармасын қайта басқарды.

2019–2020 жылдары «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болды. Ал министр лауазымына дейін, 2020–2024 жылдар аралығында Қызылорда облысынан сайланған Парламент Сенатының депутаты болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий