«Құпия» қызмет: банкомат танысының қарызын көрсеткен
Қазақстандағы ірі банктердің бірінің банкоматынан басқа адамның қанша бөліп төлеу қарызы барын білуге болатыны анықталған. Ол үшін танысының жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізген әйел оның несиелері туралы ақпаратты көргенін айтып, видео жариялады.
Бұл туралы krisp.kz басылымы жазды.
Басылымның хабарлауынша, оқырман танысының өтінішімен банкомат арқылы ақша аударып жатқанда күтпеген жағдайға тап болған. Ол ақша алушының ЖСН-ін енгізгеннен кейін оның бөліп төлеуге алған қарыздары туралы мәліметтер экранда пайда болғанын байқаған.
Жарияланған видеода бірнеше бөліп төлеу шарты көрсетілген. Олардың әрқайсысында әлі төленбеген қарыз сомасы жазылған. Бұған қоса, банкоматта «Барлық бөліп төлеулер мен несиелер» деген бөлім бар. Онда осы банктен алынған несиелер жеке-жеке көрсетілмегенімен, жалпы қарыз сомасы көрінеді.
Осыдан кейін әйел мұндай ақпараттың бөтен адамға қолжетімді болуы жеке деректерді немесе банк құпиясын жария етуге жатпай ма деген сұрақ көтерген.
Өйткені қазақстандықтар ЖСН-ін халыққа қызмет көрсету орталықтарында, емханаларда, банктерде және басқа да мекемелерде жиі айтады. Оқырманның алаңдауынша, оның ЖСН-ін білетін кез келген адам банкомат арқылы бөліп төлеу қарыздары мен кредиттерінің жалпы сомасын біліп қоюы мүмкін.
Ал банк әзірге бұл жағдайға қатысты түсініктеме бермеген.
krisp.kz 14 қазанда банктің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдап, видеоны да көрсеткен. Банк өкілдері жауап беруге уәде етіп, оның ұзақ келісу рәсімінен өтіп жатқанын жеткізген.
Алайда басылымның мәліметінше, 19 қазан күннің екінші жартысына дейін банктен жауап келмеген.
Соңғы жаңалықтар