ҚызПУ студенттерін тегін ыстық тамақтан айыру ұсынылды
Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (ҚызПУ) студенттері тегін ыстық тамақтан қағылуы мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік грантпен оқуға түсетін қыздарға берілетін бұл жеңілдікті алып тастауды ұсынып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазір аталған университетте мемлекеттік грантпен білім алатын студенттердің ыстық тамаққа жұмсаған шығыны толық өтеледі. Қаражат студенттердің банк шотына тікелей аударылуы да мүмкін.
Алайда министрлік 2027-2028 оқу жылынан бастап жаңадан қабылданатын студенттер үшін бұл жеңілдікті тоқтатуды жоспарлап отыр. Ал қазір грантпен оқып жүрген және оған дейін оқуға түсетін қыздар бұрынғыдай тамаққа берілетін өтемақыны ала береді.
Министрлік мұндай өзгерісті бюджет шығындарын қысқарту қажеттілігімен түсіндірген. Дегенмен осы шешім арқылы мемлекет қанша қаржы үнемдейтіні әзірге белгісіз.
Бұл ретте студенттердің мемлекеттік білім гранттары мен шәкіртақылары сақталады. Ұсынылып отырған өзгеріс тек ыстық тамаққа берілетін өтемақыға қатысты.
Тиісті құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Оны қоғамдық талқылау 3 қарашаға дейін жалғасады. Әзірге бұл ұсыныс түпкілікті бекітілген жоқ.
Соңғы жаңалықтар