Ақмолада 14 жастағы қызды аяусыз өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

16.07.2026 10:31 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақмолада 14 жастағы қызды аяусыз өлтірген ер адам өмір бойына сотталды
193
Фото: Бейнеден кадр

Ақмола облысында 9-сынып оқушысын пышақтап өлтірген 34 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шығып, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі Ақмола облыстық мамандандырылған ауданаралық соты бұл істі жабық режимде қараған. Судьяның шешімімен айыпталушы төрт бап бойынша, атап айтқанда 16 жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түсу, кәмелетке толмаған баланы зорлау, қасақана өлтіру және аңду деректері бойынша толық кінәлі деп танылды.

Оқиға өткен жылдың қараша айында Астана қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылында болған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, сол күні кешке 14 жастағы қыз танысының үйіне барғанда, соңғы екі күн бойы жасөспірімнің ізіне түсіп жүрген сол үйдегілердің досы оған шабуыл жасап, денесіне көптеген пышақ жарақатын салған. Ауыр жараланған қыз қанталаған күйде жақын маңдағы дүкенге кіріп, адамдардан көмек сұраған жерінен табылған. Кейін күдікті бір тәуліктен аз уақыт ішінде ұсталып, қамалған.

Жалғыз қызынан айырылған марқұмның анасы соттың әділ шешіміне көңілі толғанымен, жан жарасының ешқашан жазылмайтынын жеткізді.

«Ешқашан бұрынғыдай болмайды. Өмірім қиындап кетті. Менің сүйікті қызым енді жоқ, оны ешқашан қайтара алмаймын. Ал оны өлтірген адам әрі қарай өмір сүре береді. Істі жан-жақты зерттеп, барлық мән-жайды мұқият анықтап, осы қылмыстың бетін ашқан тергеушіге алғысым шексіз. Әділ шешім шығарған сотқа ризамын», – деді марқұм қыздың анасы Валентина Цындря.

Войдите, чтобы оставить комментарий