Ақтөбе аспанынан дронға ұқсас белгісіз нысан байқалды

02.10.2026 • 23:25 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбе аспанынан дронға ұқсас белгісіз нысан байқалды
297
Видеодан кадр

Ақтөбе тұрғындары қала аспанынан ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсайтын белгісіз нысанды байқап, оны видеоға түсірген, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде тараған кадрларда нысан қаланың шеткі аумағының үстінде біраз уақыт айналып ұшып, кейін көзден ғайып болғаны көрінеді.

Әзірге белгісіз нысанның нақты не екені және кімге тиесілі екені анықталған жоқ. Сондай-ақ оның қандай мақсатпен ұшырылғаны туралы да ресми ақпарат жарияланбады. Құзырлы органдар жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Әлеуметтік желі қолданушылары нысанның әскери немесе азаматтық дрон болуы мүмкін екенін болжауда. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында осыған ұқсас жағдай тіркелген еді. Шекара маңындағы Әлімбет ауылының маңына дронға ұқсайтын белгісіз нысан құлаған.

Ақтөбе аспанында түсірілген қазіргі нысанның бұған дейінгі оқиғамен қандай да бір байланысы бар-жоғы белгісіз. Құзырлы органдардың ресми мәлімдемесі әзірге күтіліп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий