"Қазір тоқал алуға қарсымын". Роза Әлқожа іштегі өкінішін айтты

02.10.2026 • 23:38 Томирис САҒЫНДЫҚ
183
Фото: видеодан скриншот

Танымал әнші Роза Әлқожа тоқал алу мәселесіне қатысты көзқарасын білдіріп, бұрынғы айтқан ойларына өкініш білдірді. Ол өз сөзінде қазіргі қоғамдағы отбасылық жауапкершілік пен әйел құқығының маңыздылығын баса айтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы әнші "Кездесу" подкастында айтты.

«Мен осы жерде айта кетейінші. Мен қазір өкінемін. Кезінде Айгерім Сейфолла менен «Тоқал алуға қалай қарайсыз?» деп сұрады. Ол тақырыпты неге алып келгені есімде жоқ. Бірақ мен жалпылама: «Қазақтың бәрі тоқал мен бәйбішеден тарайды ғой», — дедім. Өйткені өзіміздің тегімізде де бар ғой. Менің күйеуімнің жағында да бар. Сол секілді айттым. Бірақ адам әрбір сөзіне жауап береді екен. Мен қазір тоқал алуға қарсымын. Сен бір әйелді бақытты қыла алмай тұрып, сен бір әйелдің хақысын толық бере алмай тұрып, сен балаларыңа толықтай жанашыр бола алмай тұрып... Ол — нәпсі. Мен нәпсі деп айтамын. Осы айтқан сөзіме қарсы осы жерде ақталғым келеді. Өйткені мен қателестім», — деді Роза Әлқожа.

Қазақ тарихындағы дәстүрлі отбасы институтының өзіндік себептері мен тарихи шарттары болған. Бағзы заманда тоқал алу үрдісі ешқандай жеңілтек шешім емес, белгілі бір әлеуметтік және өмірлік қажеттіліктерден туындаған. Ұрпақ сүю, әулеттің тұтастығын сақтау немесе денсаулық жағдайына байланысты шешімдер отбасының ішкі келісімімен жүзеге асырылған. Бұл ретте тарихи контекст пен бүгінгі қоғамның өмір сүру салтын салыстыра білу маңызды.

«Тоқалды қай кезде алған? Ол кезде қазақтың барымтадан және тоқал алудан басқа шарасы болмаған жігіттерінде. Өйткені мал болған. Мал болғаннан кейін, алаңсыз 10 жылқышы баққан, аттың үстінде не істейді енді? Көп нәрсемен айналысқан жоқ қой. Сол кезде, мысалы, әйел тоқтап қалған жағдайда, әйел ретінде, азаматқа қызмет ете алмай қалған жағдайда, өзі алып берген. Немесе ұл перзент тумаған кезде алып берген, немесе әйел ауру болып қалған жағдайда алып берген. Сондай жағдайда, бір себептермен алып берген», — деді Роза Әлқожа.

Қазіргі қоғамда кешегі өткен жолын ұмытып, жауапкершіліктен қашатын ер азаматтардың әрекеті жиі сынға ұшырайды. Ер азаматтың жетістігі мен отбасының берекесі тікелей әйелдің қолдауына, оның ниеті мен тілеуіне байланысты екені белгілі. Тұрақтылық пен адалдықты сақтамай, отбасылық құндылықтарды таптау азаматтық парасаттылыққа жатпайды. Сол себепті әрбір азамат өз өткенін ұмытпай, шаңырақтың беріктігін сақтауға міндетті.

«Ал біздікілер кешегі жоқ күнін ұмытып кетеді, кеше кім болғанын ұмытып кетеді де, «тоқал аламын» деп шығады. Сосын жарының көңілін қалдырады. Немесе отбасын тастап кетіп жатады, айырбастап кетіп жатады. Мен ылғи айтамын: «Аяз бидің тәсілі — ескі шапанын іліп қойғаны». «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл». Кешегі күнді ұмытып қалмау керек. Ер азамат әйелдің тілеуімен өседі. Әйелдің махаббатымен өседі. Әйел дұрыс болса, әйелдің көзі ашық болса, сонымен ер азамат қарыштап дамиды. Ал әйел дұрыс болмаса, ер азаматқа бақ қонбайды», — деді Роза Әлқожа.

Войдите, чтобы оставить комментарий