Қыран Талапбек: 12 жасымда айына 5 мың доллар табатынмын
Белгілі мобилограф Қыран Талапбек өзінің алғашқы кәсіпкерлік қадамдары мен табысқа жету жолы туралы сыр бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы мобилограф "Адырна" ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.
«Қазір қарап отырсам, бұл бұрын ұялатын, ал қазір мақтанбай-ақ айтатын жағдай екен. Менде дүкен болды. 12 жасымнан 16 жасыма дейін айына 5000 доллардай табатынмын. Мектеп жасындағы оқушы ретінде ойлап қараңызшы. Сол кезде тауарымның тез өту-өтпеуі оны неғұрлым әдемі суретке әрі видеоға түсіруіме байланысты екенін түсіндім. Ол кезде Kaspi немесе Маркет деген жүйелер жоқ, дамымаған еді. Сондықтан «мен осыны үйренуім керек, осының түбіне жетуім керек» деп шештім», — деді Қыран Талапбек.
Мобилографтың айтуынша, бейнеконтент өндірісі тек тауар сатумен шектелмей, белгілі бір идея мен мағынаны жеткізудің қуатты құралына айналды. Кәсіби білім алу процесі визуализацияның артында үлкен философия мен идеология жатқанын ұғынуға мүмкіндік береді. Сондықтан ірі жобалардың масштабтылығын көрсетуде визуализация мен видеографияның рөлі өте жоғары. Алайда кейбір ауқымды жобалардың нақты бейнесін тек өз көзіңмен көргенде ғана толық сезінуге болады.
«Кейін режиссурада, кино саласында оқи бастаған кезімде, сату дегеніміз тек зат сату емес екенін ұқтым. Ол — идеологияны, белгілі бір ойды, жақсы немесе жаман пропаганданы жеткізу. Видео саласы идеяны сатуға да үлкен мүмкіндік беретінін түсіндім. Қазіргі таңда видео арқылы осы «Sea Breeze» жобасының қаншалықты ауқымды әрі үлкен екенін көрсетуге тырысып жатырмыз. Бірақ өзіңіз де көріп отырсыз, мұндай үлкендікті бір видеомен толық жеткізу мүмкін емес. Мұны «мың рет естігенше, бір рет көзбен көру» керек», — деді Қыран Талапбек.
Қыран Талапбек тәуекелге бел буып, сұранысқа ие тауарларды дұрыс таңдай білу үлкен қаржылық табысқа жеткізетінін айтты. Межелі сәттерде нарық конъюнктурасын сезіну және цифрлық платформаларды тиімді пайдалану сауданы еселеуге мүмкіндік берді. Бір күннің ішінде қомақты қаражат табу жас кәсіпкердің өзіне деген сенімділігін одан әрі арттыра түсті. Бұл оқиға технология мен маркетингті шебер ұштастырудың айқын үлгісі болмақ.
«Алғашқы миллионды 15 жасымда таптым. Жаңа жыл қарсаңында, 31 желтоқсан күні базардан электроника, яғни көптеген планшеттер мен ол кезде енді шығып жатқан Android телефондарды сатып алдым. Оларды әдемілеп суретке түсіріп, интернетке орналастырдым да, бір күннің ішінде 40-50 шақтысын сатып жібердім. Осылайша бір күнде бір айлық табысымды, яғни 5000 доллар таптым. Ол кездегі бағаммен 5000 доллар 1 миллион теңгедей болатын, ал қазіргі күннің өлшемімен алғанда бұл — қомақты қаражат», — деді Қыран Талапбек.
Соңғы жаңалықтар