АҚШ пен Ресей тұтқындармен алмасты

АҚШ пен Ресей тұтқындармен алмасты
10.04.2025 14:26
0
328
Dmitry Chasovitin/Reuters
Ксения Карелина Ресей түрмесінен босатылды

АҚШ пен Ресей тұтқындармен алмасты, деп хабарлайды POLITICO.KZ The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.

Абу-Дабиде екі ел арнайы қызметтерінің келісімімен АҚШ азаматы Ксения Карелина және Ресей азаматы Артур Петров бостандыққа шықты. Ксения Карелина Ресейде мемлекеттік опасыздық жасады деген айыппен 12 жылға сотталған болатын. Ол АҚШ-та тіркелген украин қайырымдылық ұйымына 100 доллардан аз қаржы аударғаны үшін айыпталған.

Карелинаның орнына АҚШ Артур Петровты босатты. Ол Кипрде АҚШ сұрауы бойынша қамауға алынған болатын. Петровты АҚШ әскери мақсатта пайдаланылатын микроэлектрониканы заңсыз экспорттады деп айыптады.

Тұтқындармен алмасу ЦРУ директоры Джон Рэтклифф пен Ресейдің арнайы қызметінің жоғары лауазымды өкілдерінің келіссөздері нәтижесінде жүзеге асты. Рэтклифф Абу-Дабидегі әуежайда болып, Карелинаны қарсы алды.

«Бүгін президент Трамп Ресейде әділетсіз түрде ұсталған тағы бір америкалықты елге қайтарды», – деді Рэтклифф WSJ-ге берген мәлімдемесінде. Ол сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері үкіметіне алғыс айтты.

Рэтклифф ФСБ басшысы Александр Бортниковпен және Сыртқы барлау қызметінің жетекшісі Сергей Нарышкинмен бірнеше рет телефон арқылы сөйлескен. Бұл байланыстар тұтқындар алмасуына және екі ел арасындағы шиеленісті азайтуға ықпал етті.

Бұл – Трамп әкімшілігі кезінде жүзеге асқан екінші тұтқындар алмасу. Ақпан айында Ресей америкалық мұғалім Марк Фогельді босатқан еді. Вашингтон мен Мәскеу арасындағы байланыстар Украинадағы қақтығыстың аяқталуына бағытталған келіссөздердің аясында жанданып жатыр.

Карелина Лос-Анджелесте косметолог болып жұмыс істеген. Ол жаңа жыл қарсаңында Ыстамбұл арқылы Екатеринбургке барған кезде тұтқындалды. Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц: «Президент Трамп пен оның әкімшілігі шетелде қамауда отырған америкалықтарды үйлеріне қайтару үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», – деп мәлімдеді.

Сонымен бірге, АҚШ билігі Ресейде әлі де қамауда отырған бірнеше америкалықтың тағдырына алаңдаулы. Олардың қатарында Стивен Хаббард бар. Ол Украинада жалдамалы ретінде соғысқаны үшін Ресейде 6 жыл 10 айға сотталған.

Ресей билігі Хаббардқа АҚШ елшілігінің қызметкерлерімен кездесуіне мүмкіндік бермей отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий