АҚШ-та қазақстандықтың қаза тапқаны расталды

16.06.2026 12:46 Әсел МҰРАТ
АҚШ-та қазақстандықтың қаза тапқаны расталды
172
Фото: әлеуметтік желіден

АҚШ-тың Иллинойс штатында Чикаго қаласының маңында із-түзсіз жоғалып кеткен 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың қаза болғаны расталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ақпарат Instagram әлеуметтік желісінде жарияланды. Онда қажетті сараптамалар мен тексерулерден кейін полиция кеше табылған марқұмның Әсет Құралбай екенін ресми түрде растағаны айтылған. 

Сондай-ақ хабарламада оның әпкесі Гүлнардың жақын күндері Нью-Йорктен Чикагоға барып, мәйітті Қазақстанға жеткізу жұмыстарын ұйымдастыратыны көрсетілген. Осыған байланысты отбасы қаражат жинауды бастаған.

Еске сала кетейік, Әсет Құралбай Чикаго қаласына жақын орналасқан Форд-Хайтс ауданында (Иллинойс штаты) тұрған және 2026 жылдың маусым айының басында хабар-ошарсыз кеткен болатын.

Ол соңғы рет 2 маусым күні ағасымен телефон арқылы сөйлескеннен кейін байланысқа шықпаған. Бірнеше күн өткен соң жақындары алаңдай бастаған, ал 7 маусымнан кейін оның телефоны қоңыраулар мен хабарламаларға мүлдем жауап бермеген.

Кеше өткен брифинг барысында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Чикагода жас жігіттің мәйіті табылғанын, ол Қазақстан азаматы болуы мүмкін екенін хабарлаған еді. 

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі тілшімізге Әсет Құралбайдың көз жұмғанын растады.

«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың құзыретті органдары бұған дейін табылған адамның кім екенін анықтағанын растайды. Оның Қазақстан азаматы Әсет Құралбай екені белгілі болды. Осы ауыр қазаға байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзыретті органдарымен және марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста», - делінген министрлік хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, марқұмның туыстарына қажетті құжаттарды рәсімдеу және мәйітті Қазақстанға жеткізуді ұйымдастыру мәселелері бойынша тиісті консулдық көмек көрсетіліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий