Ақтауда ер адам бұрынғы сүйіктісінің жалаңаш суреттерін желіге жариялап жіберген
Ақтауда 23 жастағы азамат бұрынғы сүйіктісіне қатысты жеке сипаттағы материалдарды таратқаны және оған күш қолданғаны үшін үш жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Сот барысында анықталғандай, жігіт қыздың қарым-қатынасты тоқтату туралы шешімін қабылдамай, одан кек алуды көздеген. Ол әлеуметтік желіде жалған парақша ашып, бұрынғы сүйіктісінің интимдік суреттерін жариялаған. Бұдан бөлек, қызды аңдып жүріп, жанжал кезінде оны бірнеше рет ұялы телефонмен ұрған.
Сот оны жеке өмірге қол сұғу, дербес деректер туралы заңды бұзу, сондай-ақ денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сонымен қатар бас бостандығынан айыру жазасына қоса, моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге өтемақы төлеу міндеттелді.
Қорғаушы тарап үкіммен келіспей, тергеу кезінде заң бұзушылықтар болғанын мәлімдегенімен, апелляциялық сот бұл дәлелдерді қабылдамады.
Осылайша бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалып, заңды күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар