Жезқазғанда «Қазақмыс» жұмыскерлері 5 мыңға жуық ағаш отырғызды
Ұлытау облысында «Қазақмыс» кәсіпорындарының жұмыскерлері экологиялық акцияға қатысып, Жезқазған қаласында 5 мыңға жуық ағаш көшетін отырғызды, деп хабарлайды Politico.kz.
Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Көгалдандыру жұмыстары қаланың батыс бөлігіндегі тұрғын алабының қорғаныш орман белдеуінде және Жезқазған – Сәтбаев автожолының бойында жүргізілді. Атап айтқанда, терек, қарағаш, шаған, үйеңкі және сары қараған көшеттері егілді.
Экологиялық акция «Қазақмыс» компаниясы мен Ұлытау облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық аясында өтті. Көшеттерді отырғызбас бұрын мамандар аумақты дайындап, ағаш егуге қажетті жұмыстарды атқарды.
Жаңа ағаштар қала аумағын көгалдандыруға, қорғаныш орман белдеуін қалыптастыруға және жол бойындағы ортаның жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Әсіресе өңірдің қуаң климатын ескерсек, көшеттердің жерсінуі үшін оларды тұрақты күтіп-баптау маңызды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай бастамалар өңірдегі елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Соңғы жаңалықтар