Ақтөбе облысында 14 жастағы мектеп оқушысы атасынан бала босанды

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында орын алған бұл жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. Аудандық мектептің 9-сынып оқушысы жақында босанып, қазір нәрестесімен ауруханада жатыр.
Ең сорақысы — қыз баланың жүкті екенін осы уақытқа дейін ешкім байқамаған. Ол тек “ішім ауырып тұр” деп дәрігерге жүгінгенде ғана толғағы келгені белгілі болған. Тергеу барысында басты күдік нағашы әжесінің алпыстан асқан күйеуіне түсті. Ол өгей немересіне жәбір көрсетті деген айыппен қамауға алынды. Полиция бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстаған. Ақтөбе облыстық полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, оқиға толық бақылауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұл жағдайға облыстық білім басқармасы да түсініктеме берді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қыз бала Ойыл ауданындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы, ата-анасы ажырасқан және анасының қамқорлығында тұрады. Білім басқармасы өкілдері оның осы уақытқа дейін үш мәрте медициналық тексерістен өткенін хабарлады — мектептің жолдамасымен скрининг кезінде, жазғы лагерьге барар алдында және қыркүйек айында денсаулығына байланысты профилактикалық тексеру барысында. Алайда бұл тексерулердің ешқайсысында ерте жүктілік белгілері анықталмаған.
Қазір оқушының жағдайы дәрігерлердің бақылауында, ал істің барлық мән-жайы анықталуда. Бұл оқиға кәмелетке толмағандарды қорғау, мектеп пен отбасы арасындағы байланыс, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершілік мәселелерін тағы да күн тәртібіне шығарды.
Соңғы жаңалықтар





