Ақтөбе облысында ер адам изолятордан қашып кеткен

08.10.2026 • 12:50 Әсел МҰРАТ
Ақтөбе облысында ер адам изолятордан қашып кеткен
219
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысының мас күйінде көлік жүргізгені үшін сотталған тұрғыны уақытша ұстау изоляторынан ғимараттың шатыры арқылы қашып кеткен. Алайда полицейлер оны сол күні-ақ ұстады, деп хабарлайды Politico.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

«Ол уақытша ұстау изоляторының ішкі ауласында кешкі серуендеуде болған. Ер адам есіктегі аспалы құлыпты ашып, басқа серуендеу ауласына өткен. Сол жерде қабырғадан шығып тұрған ұлутас бөлігін итеріп, арматураны сындырған. Осылайша ғимараттың шатырына шыққан. Кейін тікенекті сымнан асып, сыртқа қашып кеткен. Алайда алысқа ұзай алмады. Сол күні-ақ полицейлер оны ұстады. Қашуының мән-жайы сот үкімінде көрсетілген», – делінген хабарламада.

33 жастағы Қарғалы ауданының тұрғыны бұған дейін көлікті мас күйінде тізгіндегені үшін сотталған. Құқықбұзушылық жасаған кезде оның жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталған. Сот оған нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Үкім жарияланғаннан кейін бірнеше күн өткен соң ер адам Бадамша ауылындағы Қарғалы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 426-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бас бостандығынан айыру орындарынан қашуға қатысты. Ер адам өз кінәсін толық мойындады.

Сотта ол қашқаннан кейін Кемпірсай ауылы арқылы жаяу өтіп, кейін Ақтөбе бағытына бара жатқан көлікке жолай отырғанын айтты. Жолда оны полиция қызметкерлері ұстаған.

Қашқаны үшін сот ер адамды 1,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұған дейінгі үкім бойынша өтелмеген жаза мерзімі де ескеріліп, оған түпкілікті екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ер адам жазасын барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий