Қазақстанда бір қорап дәрі 463 мың теңге: Аймағамбетов мәселе көтерді

08.10.2026 • 12:24 Қанат АЙБАР
Қазақстанда бір қорап дәрі 463 мың теңге: Аймағамбетов мәселе көтерді
330
Асхат Аймағамбетов. Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда кейбір дәрілердің қымбат екенін және дәріханаларда жоқтығын сынға алды. Ол бұл туралы Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутаттың айтуынша, жеке қабылдауына келген азамат дәрігер тағайындаған дәріні Қазақстаннан таба алмаған. Әңгіме «Helicobacter pylori» инфекциясын емдеуге қолданылатын вонопразан препараты туралы болып отыр.

Науқасқа 14 күндік ем үшін 20 миллиграмдық 28 таблетка қажет болған. Бірақ Қазақстанның кәдімгі дәріханаларында бұл препарат сатылмайды.

Аймағамбетовтің мәліметінше, Жапонияда Takeda компаниясы шығаратын түпнұсқа Takecab препаратының 28 таблеткасы шамамен 11 мың теңге тұрады. Малайзияда осы дәрінің 30 таблеткасы 27 мыңнан 30 мың теңгеге дейін сатылады.

Ал Қазақстанда 100 таблеткадан тұратын қорапты тапсырыспен 463 мың теңгеге немесе одан да қымбатқа ұсынады.

«Науқас не дәрігер тағайындаған емнен бас тартуы керек, не өзіне қажет мөлшерден төрт есе көп дәрі сатып алуға мәжбүр. Оның үстіне бізде бір таблетканың бағасы Жапониядағы ресми бағадан шамамен 12 есе жоғары», деді депутат.

Аймағамбетов биыл депутаттардың бастамасымен дәрілерді тіркеуді жеңілдететін заң қабылданғанын еске салды. Жаңа тәртіп бойынша халықаралық беделді реттеуші органдар мақұлдаған дәрілерді тіркеу жеделдетілуі тиіс.

Бірақ депутаттың пікірінше, заң қабылданғанымен, мәселе әлі шешілмеген. Қазақстанда қажетті дәрілер жоқ болғандықтан, тұрғындар оларды шетелден іздеуге немесе қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр.

Аймағамбетов нарықта жоқ, бірақ сұранысқа ие дәрілерді анықтап, өндірушілермен жұмыс істеу және жеткізу тәртібін жеңілдету қажет екенін айтты.

Депутат бұл мәселені Құрылтайда және тиісті комитет отырысында көтеретінін мәлімдеді.

«Басты нәтиже қағаз жүзінде мерзімдерді қысқарту емес, науқасқа қажетті дәрінің дәріханада қолжетімді бағамен сатылуы. Дәрі көбейсе, бұл оның бағасына да әсер етеді», деп жазды Аймағамбетов.

Войдите, чтобы оставить комментарий