Ақтөбеде 50 млн үшін туысының әйеліне өтірік үйленген подполковник сотталды
Ақтөбеде ҰҚК Шекара қызметінің подполковнигі мемлекеттен 50 млн теңге өтемақы алу үшін 4 баласы бар әйелмен жалған некеге тұрғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Время" газеті.
Сотталушы 45 жастағы Азамат Қарабаев Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің қызметкері болған. Ол қарсы барлау және барлау қызметі басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі қызметін атқарған. Офицер мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемдерін көбейту үшін отбасы мүшелерінің санын арттыруды көздеген.
Көпбалалы әйелді ол «Туысқандар» атты отбасылық чаттан тапқан. Ол кезде әйел Қарабаевтың жұбайының немере ағайынының зайыбы болған. Көп ұзамай Азамат өз әйелімен ажырасады. Оның жаңа таңдауы да күйеуімен некені бұзады. Осыдан кейін екеуі неке тіркеу бөліміне барып, жаңа куәлік алады.
Қарабаев жаңа әйелі мен оның 4 баласының құжаттарын жұмысындағы тұрғын үй комиссиясына тапсырған. Комиссия ешқандай күдік байқамаған. Нәтижесінде подполковник 50 млн теңгеден астам төлем алған. Бұл ақшаға ол бұрынғы әйелінің туысынан пәтер сатып алады.
Сатушы ақшаны алған соң, оны өз анасына табыстаған. Ал ол кісі Қарабаевтың бұрынғы енесі болатын. Енесі бұл соманың 3 млн теңгесін өзіне қалдырған. Тағы 3 млн теңгені бұрынғы келініне, яғни Азаматтың жаңа көпбалалы әйеліне берген. Қалған 44,5 млн теңгені жедел уәкілдің өзі алған. Осыдан кейін ол пәтерді бұрынғы енесіне қайта сатып жібереді.
Бұл іс-әрекеттерден соң Қарабаев жаңа әйелімен ажырасып, бірінші жұбайымен қайта некеге тұрған. Кейін бұл алдау схемасы әшкереленіп, тергеу басталған.
Сотта Қарабаев ешкімді алдамағанын айтты.
«Ол маған хат жазып, қоңырау шалатын. Отбасында қиындықтары бар екенін, 4 кәмелетке толмаған баласы барын айтты. Мен оны қолдадым, біз жиі хат алмасып тұрдық. Нәтижесінде жақындасып кеттік, өйткені ол менен тірек пен үміт көрді», – деді сотталушы.
Ол тіпті әйелдің ұлдарын Шекара академиясына оқуға түсіруге көмектеспек болғанын да қосып өтті. Бірақ әйел одан бас тартқан.
Сотталушының сөзіне қарағанда, жаңа әйелі оның бұрынғы жұбайының жүктілігін біліп қойған. Сол себепті олар ажырасуға мәжбүр болған. Қарабаев тұрғын үй төлемдерін заңды түрде алғанын мәлімдеді. Өйткені сол кезде оның әскери қызмет өтілі 25 жылды құраған. Ол өзіне қатысты істі қысқартуды сұрады.
Ал Қарабаевтың жаңа әйелі сотта мүлдем басқаша жауап берді. Әйелдің айтуынша, ол жедел уәкілмен некеге тұруға Азаматтың қайын ағасының өтінішінен кейін келіскен. Қайын ағасы Қарабаевқа қандай да бір ақшаны шешіп алуға көмектесу керектігін айтқан. Әйел бұны зейнетақы жинағы деп ойлаған. Ол онсыз да күйеуімен ажырасуды жоспарлап жүргендіктен, сұраған дүниенің бәрін жасаған.
Олар некеде тұрған уақытта бірге тұрмаған. Қарабаев Ақтауда, ал жаңа әйелі Қостанай облысында өмір сүрген. Әйел Азаматқа тек ажырасу үшін 1 рет барған. 50 млн теңге туралы ол тек тергеу кезінде біліп, полицияға арыз жазған. Себебі Азамат оның және балаларының жеке деректерін пайдаланып кеткен.
Тергеу барысында әйел алғашында некенің заңды болғанын айтқан. Мұндай жауап беруді одан Қарабаевтың өзі өтінген. Бірақ жалған түсінік бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын түсінген соң, ол шындықты мойындаған.
«Неке жалған болды», – деді ол.
Ақтөбе гарнизонының әскери соты басқа куәгерлерді де тыңдап, көптеген құжаттарды зерттеді. Олардың қатарында Қарабаевтың бұрынғы енесі мен қайын ағасы да бар.
Нәтижесінде жедел уәкіл алаяқ деп танылды. Ол подполковник шенінен айырылып, 6 жылға орташа қауіпсіздік мекемесіне сотталды. Сондай-ақ оны мемлекетке 43 млн теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндеттеді. Қалған сома оның еңбек өтіліне сай тиесілі деп танылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар