Ақтөбеде бір оқушыға арнап орыс сыныбы ашылады деген рас па?
Ақтөбе облысындағы мектептердің бірінде бір бала үшін жеке орыс сыныбы ашылады деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының тұрғыны әлеуметтік желіде осындай жазба жариялаған болатын. Kriіssew есімді қолданушы баласының бірінші сыныпқа жалғыз бара жатқанын айтқан.
«Менің балам бірінші сыныпқа жалғыз барады. Бір сыныпта бір ғана оқушы болады. Ата-аналар чаты мен 25 анамен бірге өтетін жиналыстар болмайды. Әр ана осыны армандамай ма? Қазақстанда, біздің ауылда орыс сыныбына бала жиналмады, сондықтан ол сыныпта тек біз ғана боламыз. Яғни бұл сынып емес, жеке оқыту болады», – деді желі қолданушысы.

Алайда Ақтөбе облыстық білім басқармасы бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Ведомство Шұбарқұдық №2 орта мектебіндегі нақты жағдайды түсіндірді.
"Шұбарқұдық №2 орта мектебінде бір оқушы үшін орыс тілінде оқытатын жеке сынып ашылды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі таңда ата-анадан орыс тілінде оқытатын бірінші сыныпқа баланы қабылдау туралы тек бір ғана өтініш түскен", – деп мәлімдеді басқарма маманы тілшімізге.
Оқушылардың жеткіліксіз болуына байланысты аталған сынып әлі жасақталмаған әрі мүлдем ашылмаған. Ал мектепке құжат қабылдау жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.
Соңғы жаңалықтар