Ақтөбеде өз анасын пышақтап өтірген 16 жастағы оқушының соты басталды
Ақтөбеде 16 жастағы оқушыға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Politico.kz.
HALYQSTAN арнасының жазуынша, ол химия мен биология пәндерін оқуға қарсы болып, туған анасын өлтірді деген айыппен жауапқа тартылып жатыр.
Оқиға 2025 жылдың 2 желтоқсанында болған. Түнде жасөспірім анасымен арнайы пәндер жайлы сөйлеспек болады. Ол анасы таңдап берген химия және биология сабақтарын оқуға қарсы шыққан. Алайда бұл әңгіме жанжалға ұласып, соңы кісі өліміне әкелді. 41 жастағы әйел алған пышақ жарақаттарынан көз жұмды.
Сол түні оқушының әкесі жағынан туысқан 73 жастағы әжесі де жарақат алған. Ол аман қалды және қазіргі сот ісінде жәбірленуші ретінде танылды.
Биыл көктемде 11-сыныпты бітіруі тиіс болған жасөспірім осы уақыт бойы арнайы медициналық мекемеде жатыр. Дәрігерлер оған созылмалы шизофрения диагнозын ресми түрде қойған. Бұған дейін ол түрлі зияткерлік байқауларға қатысып келген. Кейін осы химия мен биологияны тереңдетіп оқытатын ақылы мектепке ауыстырылған.
Сот отырысына айыпталушының әкесі қатысты. Оқушы бұл отбасындағы тұңғыш бала. Оның інісі де сотқа келгенімен, ағасымен көрісе алмады. Себебі жасөспірім әлі де арнайы мекемеде ұсталып отыр.
Сот залында айыпталушының жақындары жылады. Туыстары тілшілермен көп тілдеспеді. Олар баланың бойынан ешқандай оғаш қылық байқамағандарын жеткізді. Қандай жағдай болмасын ол өздерінің баласы болып қала беретінін айтты.
Кезекті сот отырысы 3 қыркүйекке белгіленді.
Соңғы жаңалықтар