Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты тергеу қайта басталды

Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты тергеу қайта басталды
Фото: time.kz

Алматыда белгілі композитор әрі продюсер Арман Дүйсеновтің 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсеннің өліміне қатысты тергеу қайта басталды. ІІМ тексерісінен кейін Алматы полиция департаменті бұрын тоқтатылған қылмыстық істі қайта тергеуге кірісті. Бұл туралы «Время» басылымы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Абылай Дүйсен 2024 жылғы 7 қазанда өз пәтерінде өлі табылған. Бастапқыда тергеу оның ірі көлемдегі қарызынан кейін өзіне қол жұмсаған деп есептеген. Алайда кейін жүргізілген кешенді сот сараптамасы бұл болжамға қайшы қорытынды жасаған. Сарапшылар жігіттің қолдары артынан байланғанын анықтап, оның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деген тұжырымға келген.

Марқұмның анасы Айсұлу Алпысбаева ұлының өліміне басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деп есептейді. Композитордың жесірі «Время» басылымына берген сұхбатында тергеудің қалай жүргенін, күмәнді жайттарды және отбасының пәтерге қатысты сот дауын айтып берді.

Айсұлудың сөзінше, шындықты білу үшін ІІМ, Бас прокуратура және Жоғарғы соттың жоғары лауазымды өкілдеріне жүгінген. Бірақ шағымдарына қарамастан, тергеуде шешілмеген мәселе көп.

«2023 жылғы 24 қаңтарда күйеуім Арман Дүйсенов жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болды. Уақыт өте келе қайғымызды еңсердік. Ұлымыз Абылай ҚазҰУ-дың заң факультетін үздік дипломмен бітіріп, шетелдегі университеттердің біріне магистратураға түспек болды. Мен жұмыс істедім, үлкен қызым да жұмыс істеді, кіші ұлым мектепке барып жүрді. Ештеңе қайғылы жағдай болатынын білдірмеді», деді Айсұлу.

2024 жылғы 7 қазанда оған Абылайдың достары хабарласа бастаған. Олар жігіттің телефон қоңырауларына жауап бермей жатқанын айтқан.

Айсұлу ұлының маңызды кездесулер кезінде кейде телефон көтермейтінін, сондықтан әуелде алаңдамағанын жеткізді. Жұмыстан кейін мектепке соғып, үйіне шамамен 21:00-де келген.

Сол кезде ұлының қайтыс болғанын көрген. Әйелдің айтуынша, бұдан кейін болған оқиғалар есінде қорқынышты түс сияқты қалған.

Үйге дәрігерлер, полиция қызметкерлері, Абылайдың достары, туыстары мен көршілері жиналған. Қатты күйзелген анасы ұлының мойын тұсындағы арқанның орналасуына күмәнданған. Ол көрген көрінісін соғыс туралы фильмдерде фашистердің партизандарды жазалау көріністеріне ұқсатқан.

Келгендердің арасында өзі ұзақ жылдан бері танитын достарымен бірге бұрын көрмеген Санжар Мұқаш есімді азамат болған. Ол сол жерде Абылайдың қарызы туралы сөз қозғаған.

«Санжар Абылайдың одан пайызбен 48 млн теңге қарыз алғанын айтты. Ақшаны қалай қайтаратынымды сұрады. Сол сәтте ондай әңгімені ойлайтын жағдайда болмасам да, қарызды толық қайтаратынымды айттым. Санжар пайызын не істейміз деп сұрады. Мен қайтыс болған адамның қарызынан пайыз талап ету адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да жатпайтынын айттым», деді Айсұлу.

Оның сөзінше, сол кезде мәселе шешілгендей көрінген. Бірақ отбасының үлкен қызы мұрагерлік құқығын рәсімдеген соң, Санжар Мұқаш Бостандық аудандық сотына талап арыз түсірген.

Ол Айсұлу мен оның отбасы мүшелерін пәтерден шығаруды талап еткен. Соның салдарынан әйел науқас, қарт әкесімен және кіші ұлымен бірге жалдамалы пәтерге көшуге мәжбүр болған.

Айсұлу Алпысбаева ұлының өліміне қатысты тергеуде түсініксіз жайттар көп екенін айтады. Оның пікірінше, істі жүргізген Бостандық аудандық полиция басқармасының тергеушілері Санжар Мұқаштың мүддесін қорғаған.

«Абылай бізбен жоспарларын да, қиындықтарын да бөлісетін. Бірақ оның осыншама үлкен қарызы барын естіген емеспін. Ұлым мен Санжардың хаттарын оқығаннан кейін «Вампир» деген лақап аты бар адам туралы білдік. Оның есімі Алтынбек екенін, алтын өндіретін компаниялардың ортақ иесі екенін зорға анықтадық», деді Айсұлу.

Әйелдің айтуынша, хаттарда ақшаға Алтынбектің қатысы бар екені жазылған. Бірақ тергеушілер одан жауап алмаған.

Кем дегенде, Айсұлумен немесе Санжар Мұқашпен беттестіру өткізілмеген.

Адвокаттар ІІМ мен Бас прокуратураға ондаған шағым мен өтініш жазған. Бірақ әйелдің сөзінше, тиісті шаралар қабылданбаған.

«Бізді жоғары лауазымды басшылар қабылдайды. Айтқан уәждеріміздің негізді екенін мойындайды. Бірақ мұның тергеуге еш әсері жоқ. Тергеуге ықпалды біреу араласып отырғандай сезіледі. Қателессем екен деймін. Бірақ әзірге бәрі Санжар мен оның артында тұрған жұмбақ Вампирдің пайдасына шешіліп жатыр», деді композитордың жесірі.

Адвокаттар тергеушіден кешенді сараптама тағайындауды талап еткен. Тергеуші келіскенімен, мамандарға қылмыстық істің ешқандай материалын бермеген.

Соған қарамастан, сот сарапшылары Абылайдың өліміне қатысты бастапқы болжамды жоққа шығаратын қорытынды жасаған. Қорытынды қылмыстық іске тіркелгенімен, кейін тергеу тоқтатылған.

Отбасы бұған келіспей, ІІМ-ге жүгінген. Министрлік Алматы полиция департаментіне тексеріс жібергеннен кейін қылмыстық іс қайта тергеле бастаған.

«Біз ІІМ-ге бардық. Олар Алматы полиция департаментіне тексеріс жіберді. Тергеуші істің қайта басталғанын айтты. Бірақ оны тағы да өзіне қол жұмсау дерегі ретінде тергеп жатыр. Біз мұны кісі өлтіру деп есептейміз. Тергеу әрекеттеріне бізді шақырмайды», деді Айсұлу.

Оның ойынша, Санжар Мұқаш оқиғаның мән-жайын, соның ішінде «Вампир» атанған адам туралы мәліметтерді білуі мүмкін.

Айсұлу Санжардың жоғары пайызбен ақша қарызға беріп, кейін берешек пен оның пайызынан әлдеқайда қымбат жылжымайтын мүлікті иеленуі мүмкін деп күдіктенеді. Бірақ мұның бәрі әзірге әйелдің болжамы ғана.

«Тергеуші оның кім екенін анықтап, жауап алуға шақыра алар еді. Басқа нұсқаларды да тексеруге болатын еді», деді Айсұлу.

Әйел Санжар Мұқаштың «Вампир» атанған адамның тапсырмасын орындауы мүмкін деген күдігін де жеткізген. Оның пікірінше, бұл жайттар пәтерге қатысты азаматтық сотта ғана емес, қылмыстық тергеу кезінде де анықталуы керек.

Тергеудегі тағы бір даулы мәселе Абылайдың психологиялық жағдайына қатысты сараптама болған.

Айсұлудың сөзінше, психологиялық-психиатриялық сараптама Санжар Мұқаш пен тағы бірнеше адамның айтқандарына ғана сүйеніп жүргізілген. Абылайдың телефоны зерттелмеген, отбасы мүшелерінен жауап алынбаған.

«Ұлымның телефонын зерттемеді. Бізден мүлде жауап алмады. Соған қарамастан, тергеу әкесі қайтыс болғаннан кейін Абылай күйзеліске түсіп, қарызға батқан деп есептеді. Бірақ оның күйзеліске түскені байқалмады. Ол алдына мақсат қоя білетін, адамдармен тез тіл табысатын жігіт еді. Бәріміз Абылайға не болғанын білгіміз келеді. Шындық қаншалықты ауыр болса да, бізге сол керек», деді Айсұлу.

Отбасы адвокаттары тергеудің сапасына да шағымданған. Олардың айтуынша, Абылайдың өліміне мүдделі болуы мүмкін адамдардың геолокация деректері әлі сұратылмаған және зерттелмеген.

Қорғаушылар бұл туралы бірнеше рет өтініш берген. Тергеушілер өтініштерді қанағаттандырғанымен, тиісті әрекеттерді орындамаған.

Тергеушінің әрекеттеріне Алматының тергеу сотына бірнеше рет шағым түсірілген. Сот оның әрекеттерін заңсыз деп таныған.

Адвокаттардың айтуынша, тергеуші 2026 жылғы қаңтарда жұмыстан кеткенге дейін қажетті шараларды қолға алмаған. Айсұлу оның қызметтен кетер алдында Санжар Мұқашқа жариялауға болмайтын қылмыстық іс материалдарын берген болуы мүмкін екенін де айтты.

Айсұлу Алпысбаева өз сөздерін растау үшін «Время» редакциясына ұлының өліміне қатысты түрлі құжаттардың көшірмелерін ұсынған.

Басылымның жазуынша, Абылай мен Санжардың хат алмасуында «Алтынбек ағаның» ақшасы туралы айтылған. Онда ірі соманың 14 пен 15% аралығындағы пайызбен қарызға берілгені көрсетілген.

Алғашында Санжар 140 мың немесе 165 мың доллар туралы айтқан. Кейін хаттарда 65 млн немесе 75 млн теңге көрсетілген. Нақты соманың қанша болатынын Алтынбектің өзі шешетіні жазылған.

Қарызға қатысты тағы бір дерек бар. Абылай 2024 жылғы қыркүйекте банк қосымшасы арқылы Санжарға 1 080 000 теңге аударған.

Басылымның мәліметінше, бұл тамыз айының, яғни алғашқы айдың пайызы ретінде төленген.

Айсұлу Алпысбаеваның адвокаттары сотқа дейінгі тергеу деректерін әзірге толық жариялай алмайтынын айтты. Себебі қылмыстық іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданбаған.

«Бүгін біз сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жариялауға құқылы емеспіз. Өйткені қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Бірақ зерттелуге тиіс көптеген мән-жай біржола жоғалған. Полиция мен прокуратура басшылары қабылдаған кезде біздің уәждеріміздің негізді әрі нақты екенін мойындайды», деді қорғаушылар.

Олардың айтуынша, тергеуге қатысты бірнеше өтініш берілгенімен, шағымдар нәтиже бермеген.

«Бірнеше өтінішіміз бар. Бірақ барлық арызымыз бен шағымымыз қандай да бір себеппен нәтиже бермей жатыр. Абылай Дүйсеннің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеушілердің кінәсінен толық зерттелмегені анық», деді адвокаттар.

Абылайдың өліміне қатысты тергеумен қатар, отбасы пәтер үшін де соттасып жатыр.

Бостандық аудандық соты бастапқыда Санжар Мұқаштың талабын қанағаттандырып, Айсұлу мен оның отбасы мүшелерін пәтерден шығару туралы шешім қабылдаған.

Бұған келіспеген отбасы апелляциялық шағым түсірген. Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Алпысбаеваның пайдасына шешім шығарып, пәтерді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныған.

Кейін Санжар Мұқаш кассациялық сотқа жүгінген. Кассациялық алқа азаматтық істі қайтадан қарауға жіберген. Бірақ жаңа сот процесі әлі басталмаған.

Айсұлу Алпысбаеваның азаматтық соттағы мүддесін қорғап жүрген адвокат Гүлмира Сыдықова пәтерді сатып алу-сату мәмілесі мүлде болмағанын айтады.

Оның сөзінше, бұған қатысты нақты дәлелдер соттың барлық 3 сатысына ұсынылған.

«Абылай Дүйсен мен Санжар Мұқаштың хаттарын талдау олардың тек пайызбен қарызға ақша беру туралы сөйлескенін көрсетеді. Алдымен Мұқаштың талабы бойынша бірінші сатыдағы сот Айсұлу мен оның отбасы мүшелерін пәтерден шығару туралы шешім қабылдады. Біз шағымданғаннан кейін Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы пәтерді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныды», деді Гүлмира Сыдықова.

Адвокат кассациялық соттың істі қайта қарауға жіберу себептерін де түсіндірген.

«Кассациялық алқа бәрін басынан бастауды ұйғарды. Себебі қылмыстық істің тергеуі аяқталмаған. Төменгі соттардың шешімдері мерзімінен бұрын қабылданған. Қылмыстық іс материалдарындағы бір-біріне қайшы жауаптарға тиісті баға берілмеген», деді ол.

Гүлмира Сыдықованың айтуынша, кассациялық сот судьялары Санжар Мұқаштың Абылайға қарызға берген ақшасының қайдан шыққанын да анықтау қажет деп есептеген.

Адвокаттар хат алмасуда пәтерді сату немесе оны басқа адамның атына рәсімдеу туралы ешқандай әңгіме болмағанын алға тартады.

«Время» басылымы Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, түсініктеме сұраған. Бірақ редакция жауап алмаған.

Басылымның мәліметінше, Айсұлу Алпысбаева сұхбат кезінде ІІМ-ге жүгінгеннен кейін ғана тергеуде белгілі бір ілгерілеу байқалатынын бірнеше рет айтқан.

Материал соңында «Время» редакциясы ІІМ-нің тергеуге жауапты орынбасары Санжар Әділовтен, Алматы прокуроры Серік Қарипбековтен және Алматы қалалық сотының төрағасы Арман Жүкеновтен жарияланымды ресми сұрау деп қабылдауды өтінген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу