Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрі болып қайта тағайындалды

03.09.2026 12:08 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрі болып қайта тағайындалды
218
Фото: primeminister.kz

Арман Шаққалиев Қазақстанның Сауда және интеграция министрі қызметінде қалды. Мемлекет басшысы 3 қыркүйекте оны бұл лауазымға қайта тағайындау туралы тиісті Жарлыққа қол қойғанын Ақорда мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Абайұлы Шаққалиев Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.

Тағайындау алдында оның кандидатурасын Құрылтай қарады. Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің отырысында депутаттар Шаққалиевті лауазымға қайта бекітуге келісім берген.

Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы аясында талқыланды. Комитет отырысының нәтижесінде оң қорытынды шығарылды.

Арман Шаққалиев сауда ведомствосын 2023 жылдың 2 қыркүйегінен бері басқарып келеді. Ол 2024 жылғы 6 ақпанда да осы қызметке қайта бекітілген еді.

Арман Шаққалиев кім?

Арман Абайұлы 1977 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Үш жоғары оқу орнын тәмамдаған: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетін, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Астана мен Ақмола облысы бойынша «Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату агенттігі» акционерлік қоғамында заң кеңесшісі болып бастаған.

2001–2004 жылдар аралығында бірнеше мемлекеттік органда қызмет етті. Ол Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату агенттігінде, Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінде және Мемлекеттік кірістер министрлігінде басшылық лауазымдарда болды.

2004–2006 жылдары «Қазақстан метрология институты» РМК директоры қызметін атқарды. Одан кейін 2007 жылға дейін Мемлекеттік кірістер министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары болды.

2007–2008 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментін басқарды.

Кейін ұзақ жылдар стандарттау бағытында еңбек етті. 2008–2016 жылдары «Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры міндетін атқарды.

2016–2018 жылдары халықаралық деңгейде қызмет етіп, Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментіне жетекшілік етті.

2018 жылы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы лауазымына бекітілді. Ал 2020–2022 жылдары ЕЭК алқасының мүшесі, яғни осы ұйымның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі қызметін атқарды.

Арман Шаққалиев 2022 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий