Астана – Петропавл тасжолында полиция капитаны қаза тапты

Астана – Петропавл тасжолында полиция капитаны қаза тапты
Данияр Таев. Суретті ПД табыстады

Ақмола облысында қызметтік міндетін атқарып жүргенде жол апатына ұшыраған полиция капитаны Данияр Таев көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы редакциямызға Ақмола облыстық полиция департаменті хабарлады.

Қайғылы оқиға 3 қарашада Астана – Петропавл тасжолында болған. Патрульдік полиция қызметкері жол жөндеу жұмыстарына тартылған арнайы техниканы алып жүріп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

Полицияның алдын ала мәліметінше, JAC көлігінің жүргізушісі жылдамдықты асырған және қауіпсіз арақашықтықты сақтамаған. Салдарынан оның көлігі полицияның қызметтік автокөлігіне соғылған.

Апат кезінде Данияр Таев ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Алайда бүгін, 4 қарашада қайтыс болды.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы да редакциямызға полицейдің өліміне қатысты түсініктеме берді.

«Науқастың жағдайы әуел бастан аса ауыр деп бағаланды. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап, жансақтау шараларын жүргізгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Өліміне өмірмен үйлеспейтін ауыр жарақаттар себеп болды», – деп хабарлады басқарма.

Полицияның мәліметінше, жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, JAC көлігінің жүргізушісі ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан полиция капитаны Данияр Таевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу