Назарбаевтың экс-құдасы Боранбаевтың бұрынғы фитнес-орталығы сатылды
Астанада кәсіпкер Қайрат Боранбаев бұған дейін мемлекет меншігіне өткізген «Fitnation» спорттық-сауықтыру кешені аукцион арқылы жаңа иесін тапты. Нысанның сатылу құны 2,3 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды Politico.kz.
Электронды сауда алаңындағы мәлімет бойынша, бәссауда 3 қараша күні сағат 10:00-де өткен және қазіргі уақытта сәтті аяқталды деп танылған. Лот құрамына жалпы ауданы 4 043,4 шаршы метр болатын ғимарат пен оған жапсарлас салынған құрылыстар, сондай-ақ кешен ішіндегі 500-ден астам мүлік кіреді.
Аталған нысан Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Дәулет» МКҚК теңгерімінде болған. Ал сатушы ретінде елордалық Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы әрекет етті.
Айта кетерлігі, бұл жолғы бастапқы баға 2 миллиард теңгеден сәл ғана асты. Осы жылдың қазан айында кешен 2,9 миллиард теңгеге сатылымға шығарылғанымен, ол кезде сатып алуға ниет білдіргендер болмаған еді.
Қайрат Боранбаевтың ісі туралы не белгілі?
Бизнесмен Қайрат Боранбаев 2022 жылдың наурызында ұсталған болатын. Оған және бір топ тұлғаға сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллиард теңге жымқырды және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылды.
Сот процесі 2022 жылдың желтоқсан соңында басталды. Айыптаушы тарап Боранбаев ұрланған қаражаттың өзіне тиесілі бөлігін Швейцария банкіндегі шотқа аударып, Алматыдан ғимарат сатып алғанын мәлімдеді. Ал кәсіпкер өз кінәсін мойындамай, өзіне не себепті айып тағылып жатқанын түсінбегенін айтқан.
2023 жылдың наурызында Боранбаев кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сол жылдың шілдесінде Боранбаевқа, Нахановқа және Жанұзаққа қатысты үкімнің күші жойылып, іс апелляциялық алқаның қарауына жіберілді.
Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Боранбаевтың мемлекетке құны 90 миллиард теңге болатын активтерін қайтарғанын хабарлады. Олардың қатарында мұнай кен орны, газ таратушы компания, сауда ойын-сауық орталықтары, қонақүйлер және фитнес-орталықтар болды. Сонымен қатар ол Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңге аударды.
Осыдан кейін прокурор кәсіпкерге 8 жылдың орнына 6 жыл жаза тағайындауды сұрады. Қадағалау органы мерзімнің неліктен қысқарғанын заң талаптарымен түсіндірді.
Көп ұзамай сот Боранбаевтың өтінішхатын қанағаттандырып, өтелмеген мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды және ол бостандыққа шықты. Бизнесмен Instagram-дағы парақшасында жазба жариялап, өзіне қиын сәтте қолдау білдірген барша жандарға алғысын білдірді.
Сондай-ақ Боранбаевтың Беларусьтегі бұрынғы «McDonald’s» мейрамханалар желісі де сот арқылы тартып алынған еді.
Қайрат Боранбаев – елдің экс-президенті Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Боранбаевтың қызы Алима Боранбаева Дариғаның ұлы Айсұлтан Назарбаевқа (2020 жылы қайтыс болған) тұрмысқа шыққан. Кейін Айсұлтан мен Алима ажырасып кетті.
Соңғы жаңалықтар