Қарағанды тұрғыны қала әкімін сотқа берді
Қарағандыда бір әйел 6 жыл бұрын қайтыс болған ағасының мұрасын алу үшін қала әкімін сотқа берді. Оған марқұмның қайтыс болғаны ресми түрде арада 6 жылдан астам уақыт өткен соң ғана тіркелуі себеп болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының хабарлауынша, әйел мен оның ағасы Қарағандыдағы тұрғын үйге тең үлеспен иелік еткен. Яғни үйдің жартысы әйелге, қалған жартысы ағасына тиесілі болған.
Ағасы 2020 жылғы 9 ақпанда қайтыс болған. Алайда оның өлімі мемлекеттік тіркеуге тек 2026 жылғы 16 маусымда алынған.
Әйел ағасынан қалған үйдің жартысын өз атына рәсімдеу үшін нотариусқа жүгінген. Бірақ нотариус мұраны қабылдауға берілетін 6 айлық мерзім өтіп кеткенін айтып, оған мұрагерлік құқығы туралы куәлік беруден бас тартқан.
Осыдан кейін әйел Қарағанды қаласының әкіміне қарсы сотқа талап арыз түсіріп, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруді сұраған.
Сот істі қарау барысында әйелдің мерзімді өткізіп алуына дәлелді себеп болғанын анықтады. Өйткені ағасының қайтыс болғаны ресми тіркелмейінше, ол мұраны заңды түрде рәсімдей алмаған.
Азаматтық кодекстің 1072-3-бабына сәйкес, мұраны қабылдау мерзімі дәлелді себеппен өткізіліп алса, сот оны қалпына келтіре алады. Ол үшін кедергі болған жағдай жойылғаннан кейін 6 ай ішінде сотқа жүгіну қажет.
Қарағанды тұрғыны да осы мерзімді сақтаған.
19 қазанда Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты әйелдің талабын қанағаттандырды. Мұраны қабылдау мерзімі қалпына келтіріліп, әйел ағасынан қалған тұрғын үйдің 1/2 үлесіне қатысты мұраны қабылдаған деп танылды.
Соңғы жаңалықтар