«Астана» станциясында көпбалалы ҚТЖ қызметкері тоққа түсіп мерт болды

23.06.2026 08:48 Әсел МҰРАТ
 «Астана» станциясында көпбалалы ҚТЖ қызметкері тоққа түсіп мерт болды
145
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Астанада электр энергиясын тартатын қосалқы станциялардың бірінде тоқ соғып, 43 жастағы электромеханик қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға туралы ақпарат Egovpress Telegram арнасында тарады. Ондағы мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға Астанадағы ЭЧЭ-16 қосалқы станциясында болған, 43 жастағы компания қызметкері көз жұмған.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, ол байланыс желісінің фидер ұяшығына өз еркімен кіріп, кернеулі тоққа тап болған. Марқұмның артында әйелі мен жеті баласы қалды», - делінген желіде тараған ақпаратта.  

ҚТЖ-ның баспасөз қызметі қайғылы оқиғаның 2026 жылдың 14 маусымында болғанын растады. Компания бұл факт бойынша тергеу белгіленген тәртіп бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Оқиғаның мән-жайы мен себептері комиссия жұмысының нәтижелері бойынша айқындалатын болады. Тергеу аяқталғанға дейін болған оқиғаның себептері туралы түсініктемелер бере алмаймыз», – деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

ҚТЖ компания тергеуге жан-жақты жәрдем көрсететіндерін жеткізіп, қаза тапқан қызметкердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий