Астанада 20 жастағы қыз дәрігерлердің салғырттығынан жатырынан айырылды

06.04.2026 17:14 Мөлдір Талғат
Астанада 20 жастағы қыз дәрігерлердің салғырттығынан жатырынан айырылды
85
Фото:IStock

Астанада тұрғын 20 жастағы сіңлісінің дәрігерлердің салғырттығынан жатырынан айырылғанын айтып, дабыл қақты. Оның сөзінше, бойжеткенді кесар тілігі арқылы босандырған кезде ағзасына инфекция түскен, деп хабарлайды Politico.kz.

Туысының айтуынша, жас ана перинаталдық орталықта жатқанда-ақ дене қызуы көтерілген. Бұл операциядан кейінгі асқынудың белгісі болуы мүмкін болғанына қарамастан, дәрігерлер оны үйіне шығарып жіберген.

Алайда арада 48 сағат өткен соң әйелдің жағдайы күрт нашарлап, ол шұғыл түрде ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның ағзасына ауыр инфекция түскенін анықтаған. Күні бойы консилиум өтіп, науқастың өмірін сақтап қалу жолдары қарастырылған.

Сағат 18:30 шамасында оған шұғыл операция жасалып, өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер жатырын алып тастауға мәжбүр болған. Қазіргі таңда ол №1 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр.

Жәбірленушінің туыстары дәрігерлердің әрекетіне күмән келтіріп, неге дер кезінде тиісті көмек көрсетілмегенін сұраған. Алайда перзентхана қызметкерлері нақты жауап бермей, бұл жағдайды жария етпеуді өтінген. Сондай-ақ түсірілім жасауға кедергі келтіріп, телефонды тартып алуға әрекеттенгені де айтылды.

Туыстары бұл оқиға бойынша әділ әрі ашық тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Олардың пікірінше, операциядан кейін дене қызуының көтерілуі – қалыпты жағдай емес және дер кезінде бақылауға алынуы тиіс еді.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, жақындарына оны көруге рұқсат берілмеген. Сонымен қатар, перзентхана тарапынан өкілдер мен заңгерлер барып, шағым түсірмеуге көндіруге тырысқаны да айтылды.

Оқиғаға қатысты Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді. Әзірге басқа ақпарат берілмейді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий