Астанада баланы қараусыз аулаға күштеп сүйреп әкетпек болған ер адам ұсталды

10.06.2026 10:14 Мөлдір ҚАЙНАР
Астанада баланы қараусыз аулаға күштеп сүйреп әкетпек болған ер адам ұсталды
238
Фото: magnific.com

Астанада кәмелетке толмаған баланы қараусыз қалған аулаға күштеп сүйреп әкетпек болды деген күдікпен 56 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 5 маусым күні елорданың Алматы ауданындағы №13 мектептің маңында болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода белгісіз ер адамның шамамен 9–11 жастағы баланы ескі автодөңгелектер жатқан қараусыз аулаға қарай күштеп алып бара жатқан сәті көрсетілген.

Куәгерлердің айтуынша, өтіп бара жатқан тұрғындар дер кезінде араласып, баланы ер адамның қолынан құтқарып қалған. Осыдан кейін оқиға орнына полиция шақырылған.

Астана қалалық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады.

«Аталған факті бойынша 56 жастағы ер адам ұсталды. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Полицияның мәліметінше, баланың заңды өкілі арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беретінін мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий