Астанада егіз көтерген әйел екі ұлынан айырылды

29.09.2026 • 12:26 Әсел МҰРАТ
Астанада егіз көтерген әйел екі ұлынан айырылды
317
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Астанадағы перинаталдық орталықтардың бірінде қайғылы жағдай болып, егізге жүкті әйел екі баласынан да айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Болған жағдайды әйелдің туыстары Threads әлеуметтік желісінде жазды. Жазба авторы дәрігерлердің салғырттығынан егіз балаларынан айырылғанын айтып, Денсаулық сақтау министрлігін медициналық мекемеде тексеру жүргізуге шақырды.

Автордың мәліметінше, оқиға Тәуелсіздік көшесі, 3/1 мекенжайында орналасқан перинаталдық орталықта болған. Оның айтуынша, Әсел есімді әйел егізге жүкті болған. Жүктіліктің алтыншы айында бір ұрық шетінеп кеткен.

«Дәрігерлер шетінеген ұрықпен босанғанға дейін жүре беруге болатынын айтқан. Алайда бірнеше аптадан кейін әйелдің іш тұсында өзгерістер байқала бастаған. Алдымен терісі қызарып, кейін көкшіл түске енген», – деп жазды автор.

Оның сөзінше, отбасы дәрігерлерге бірнеше рет дабыл қаққан. Алайда әйел алдымен дерматологқа жіберіліп, кейін антибиотиктермен емделген. Анализ нәтижелері күрт нашарлаған кезде №6 емхана әйелді портал арқылы перинаталдық орталыққа жолдаған.

Автордың айтуынша, ауруханада жүргізілген алғашқы тексерулердің нәтижелері өте ауыр болған. Соған қарамастан, әйел үш күн бойы шұғыл операция жасалмай, бақылауда жатқан.

«Біз 109 – «Ай Көмек» қызметіне шағымданғаннан кейін ғана оған дәрігер шақырылды. Ол анализдерді көріп, шұғыл түрде операция жасау туралы шешім қабылдаған», – делінген жазбада.

Операция кезінде шетінеген ұрық алынып, екінші сәби 31 аптада дүниеге келген. Автордың айтуынша, нәрестенің салмағы 1 келі 600 грамм болған және туған кезде жылаған.

Алайда отбасының қуанышы ұзаққа созылмаған. Жазба авторының мәліметінше, нәресте небәрі бір күн өмір сүріп, сепсистен шетінеген.

«Ол бар болғаны бір күн бізбен бірге болды. Біз оған Арлан деген есім қойдық», – деп жазды автор.

Отбасы дәрігерлердің әрекетінен кейін медициналық мекемеде тексеру жүргізілуін талап етіп отыр. Автор әсіресе патология бөлімінің басшылығына міндетін атқарушы болып отырған Венера Ж.-ға қатысты шағымын білдірген.

Жазбада аурухана қызметкерлерінің әйелдің психологиялық жағдайына жеткілікті көңіл бөлмегені де айтылған.

«Біз бәрін жасап көруге тырыстық, көмек сұрадық, шағымдандық. Бірақ жауап болмады. Қазір оның психологиялық жағдайына қатты алаңдап отырмыз. Анасынан екі баласы да кетті», – делінген жазбада.

Автор бұған қоса, 2GIS платформасында да аталған медициналық мекеме туралы шағымдар көп екенін айтып, тиісті органдарды олардың негізінде тексеру жүргізуге шақырған.

«Бүгін ағам екі ұлын жерлеп жатыр. Ал олардың анасы ауруханада жатыр. Біз оның жағдайына алаңдаймыз. Осы ауруханада босанатын басқа әйелдер үшін де қорқамыз. Денсаулық сақтау министрлігін бұл медициналық мекемені тексеруге шақырамыз», – деп жазды автор.

Отбасы қазір қайда жүгіну керегін білмей отырғанын айтып, әйелге психологиялық көмек көрсетуді де сұраған.

Жазба авторы жұртшылықтан ақпаратты таратып, тиісті органдардың назарын аударуға көмектесуді өтінді.

«Аналар дәрігерлердің салғырттығы мен қатыгездігінен балаларынан айырылмауы керек», – деді автор.

Ал Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы болған жағдайдан хабардар екенін жеткізді. Басқарма жағдайды бақылауға алған. 

«Қазіргі таңда пациент босанғаннан кейінгі бөлімде жатыр, қажетті ем мен медициналық бақылау алып жатыр. Аталған жағдай бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі», - делінген басқарма хабарламасында.

Войдите, чтобы оставить комментарий